Жетісай соты әкесін ұрып-соққан тұрғынның ісін қарап жатыр

Жарияланды
Фото: Дилара Иса

Түркістан облысы Жетісай аудандық соты Шардара ауданы Қоссейіт ауылында қолындағы қарт әкесін ұрып-соққан ер адамның ісін қарап жатыр.

Қылмыстық іс

Іс бойынша айыпталушы ретінде 42 жастағы Алмас Садақбаев жауап беріп жатыр. Ал жәбірленуші ретінде оның туған інісі Батыр Садақбаев танылған. Айыпталушы ісі Қылмыстық кодекстің «Қинау» бабы және «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабымен тіркелген. Ол сотта өзін фото, видеоға түсіруге қарсы болды.

Айыпталушының білімі орта, отбасылы. Соңғы үш жылда ауылдағы «Қоссейіт» мешітіне қарасты үйде тұрған. Өткен жылдың мамыр айында жеке үй сатып алып, қарт әкесін қолына алған. 70 жастағы әкесі өздігінен жүріп тұра алмайды, дәретке өз күшімен шыға алмайды.

Оқиғаның мән-жайы

Сотталушы Садақбаев қарт әкесін өткен жылдың тамыз айында үш рет ұрып-соққаны видеоға түскен. 10 тамыз күні түнде дәрменсіз күйдегі әкесін дәретке өздігінен шыға алмайтынына ашуланып, ауласында ұрып, денсаулығына зиян келтірген. Мұнымен шектелмей араға үш күн салып дәл осы себеппен тағы күш қолданған. Соңғы рет 21 тамыз күні соққының астына алған.

«Садақбаев әкесін қинағанымен қоймай, оның тәуелді адам екенін пайдаланып, денсаулығына аса қатыгездікпен зиян келтірген. Ұрып-соғып, дене жарақатын салған. Ұдайы ұрып-соғу нәтижесінде әкесінің денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтірген» делінген айыптау актісінде.

Дәл қазір іс бойынша куәлардан, атап айтқанда ауыл әкімі, бұрынғы полиция инспекторы, дәрігерлер мен медбикелерден жауап алынып жатыр.

Айта кетейік, қыркүйек айында әлеуметтік желіде Түркістан облысы Шардара ауданында қартайған мүгедек әкесін баласы аяусыз соққыға жыққан видео тарады. Видеодан көшеде және үй ауласында баласы мен келіні сөйлеп, өздігінен жүріп-тұра алмайтын әкесін сүйреп бара жатқанын көруге болады. Баласы әкесін балағаттайды, жүре алмағаны үшін бірнеше рет ұрып-соғады. Алған соққыдан қарияның аузы қанап кеткенін байқауға болады. Көп өтпей видеоның бұдан бұрын түсірілгені, ал қария қайтыс болып кеткені белгілі болған.

Сондай-ақ оқыңыз