2027 жылы бензин бағасы күрт қымбаттауы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Алдағы жылы бензин бағасы қандай болады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2027 жылы жанар-жағармай бағасы күрт қымбаттауы мүмкін. Сарапшы Олег Червинскийдің жазуынша, оған сол жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы туралы келісімнің күшіне енуі себеп болмақ.

2025 жылдың желтоқсанында Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында одаққа мүше мемлекеттердің басшылары осы келісімді іске қосу жөнінде уағдаласқан.

Ресми хабарламада ортақ нарықтың мақсаты – мұнай өнімдері саудасына ортақ әрі ашық ережелер енгізу, жеткізілім мен бағаны тұрақтандыру және энергетикалық қауіпсіздікті күшейту деп жазылған.

Алайда бұл келісім Қазақстан үшін жанар-жағармай бағасының өсуіне алып келуі мүмкін. Журналист Олег Червинскийдің пікірінше, 2027 жылдан бастап Қазақстандағы бензин мен дизель бағасы Ресейдегі деңгейге жақындауы тиіс. Себебі ортақ нарық жағдайында баға айырмашылығын ұзақ уақыт сақтап тұру қиын болады.

Қазіргі рубль мен теңгенің айырбас бағамын ескерсек, Қазақстандағы бензин Ресеймен салыстырғанда шамамен екі есе арзан. Бұндай жағдай Қырғызстанмен арада да байқалады: ол жақта жанармай бағасы едәуір жоғары. Соның салдарынан Қазастаннан жанар-жағармай заңсыз сатылып жатыр.

Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ашық айтқан. Жақында берген сұхбатында президент Қазақстанның амалсыздан көрші елдерге «арзан жанармай жеткізушісіне» айналғанын мәлімдеді. Яғни, ішкі нарықтағы төмен баға сыртқа ағылған отын арқылы өзге экономиканы қолдап отыр.

2018–2020 жылдары нарықта бензин бағасы салыстырмалы түрде тұрақты болса, 2021 жылдан бастап өсім қарқыны жеделдеген. Әсіресе 2024–2025 жылдары бірден 30 теңгеге қымбаттады.

Алайда қазан айында үкімет жанар-жағармай бағасын көтеруге моратирий жариялады. Яғни мемлекет бағаның күрт өсуіне жол бермей, уақытша «қатып қалған» режимді енгізді. Бұл шара ішкі нарықты тұрақтандыру және тұтынушылардың мүддесін қорғауға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыз