Стратегиялық активтерге Қазақстанның ойыншылары ғана иелік етуі керек – сарапшы

Белгілі экономист Расул Рысмамбетов стратегиялық активтерді Қазақстанның бизнесмендері ғана алуы керектігін айтады. Сарапшының сөзінше, отандық олигархтар бұл бағытта ақшаны барынша Ресей мен Қытайдан алмауға тиіс.
Рысмамбетов бұл пікірін телеграм-арнасында жария етті. Сөзінше, отбасылық коэффициентті есепке алсақ, «Қазақмыс», «Қармет» және «Қазцинк» қызметіне қалай болғанда да 1 миллионға жуық адам (қазақстандықтардың 5 пайызы) тәуелді. Ал егер бұл кәсіпорындар Қазақстанның 5-6 өңірі үшін бюджетті қалыптастырушы мекемелер екенін ескерсек, оларды дұрыс басқарудың құны өте жоғары.
«Сәттілік пен қателіктің әлеуметтік әсерін асыра бағалау қиын. Басқаша айтқанда, дұрыс басқарылса аймақтар гүлденеді, әйтпегенде Астанаға қарай самосвалдармен аттанған аштық шерулері басталады. Бұл «бауырым, шешіп салайықшы» дейтіндей әрі-бері лақтыратын миллиард доллар емес. Бұл – Қазақстанның нақты индустриялық арқауы және әрі қарайғы дамудың немесе апаттың негізі», – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, елдегі ірі стратегиялық активтердің бір бөлігін алуға қытайлар мен ресейліктер де құмар екені құпия емес дейді. Рысмамбетов олар жұмыс орындарын ашу үшін емес, тау-кен базасы үшін осы активтерге көз тігетінін еске салады.
«Қытайлықтар үшін біз мемлекеттік мүдде аймағымыз, ресейліктердің «қалтасын ақша тесіп барады» және бұл да олардың мүдделер аймағына кіреді. Қазақстанда «ескі Қазақстаннан сатып алып, қалыпты шетелдіктерге қайта сатып жіберу керек» деп сенетін қайраткерлердің бар екені анық. Бірақ бұлай болмауға тиіс, тек қазақстандық ойыншылар сатып алып, дамытуы керек. Біздің ойыншылар Ресей мен Қытайдан ақша алмауға барынша тырысуы керек, синдикатталған қарыздар арқылы әрекет еткен абзал. Әйтпесе, жылдам шешімдер 4-5 жылдан кейін қайта жекешелендіру-реприватизация-антиприватизация жасауға және құқық қорғаушылардың қайтадан бәрінің соңынан жүгіруіне әкеп соғады», – дейді ол.
Расул Рысмамбетов стратегиялық активтер тағдыры шешілген кезде ашықтық, есептілік керек екенін, тіпті қауіпсіздік кеңесімен, парламентпен және президентпен келісімі болуы қажеттігін ескертеді.
Еске сала кетейік, «Қазақмыс» тау-кен корпорациясын сатып алу үшін Швейцариядағы шикізат трейдері Mercuria Energy Group Ltd Нұрлан Артықбаевқа 1,2 млрд доллар бергенін бұған дейін Bloomberg жазған. Арадағы келісім бойынша, қазақ миллиардері қарызын шикізатпен қайтарады. Алғашқы төрт жылда Mercuria жыл сайын 200 мың мыс катодын алады. Ал одан кейінгі төрт жылда өндіріс көлемінен пайыз алып отырады.