
Бүкіл әлемге танымал эстрада жұлдызы Бруно Марс он жылға созылған үзілістен соң алғаш рет жеке орындауында альбом жазып шығарды. Алғашқы сингл көпшілік назарына 9 қаңтарда ұсынылды.
Бруно Марстың алтын дәуірі
1970-жылдардағы ретро-фанк және диско-поп жанрындағы I Just Might әні Бруно Марс шығармашылығын сүйіп тыңдайтындар үшін ғажап сыйға айналды. Сингл жарияланған тоғыз сағаттың ішінде-ақ әннің youtube-ке жарияланған бейнеклипін шамамен 2 млн адам көріп үлгерді. Көпшілік оны нағыз хит деп бағалады.
«Бруно Марс 10 жылдан кейін жаңа жеке жобасымен арамызға қайта оралды. Біз алтын дәуірдің куәсіміз», – деп жазды жанкүйерлердің бірі.
«Бруно осы альбомнан тағы тоғыз сингл шығарады. Олардың әрқайсы нағыз хитке айналады!» – деп есептейді тағы бір тыңдаушы.
Ол осы әннің авторы әрі орындаушысы ғана емес, сонымен бірге оның бейнеклипін де өзі түсірген. Бруноның жеті қырлы, бір сырлы әнші екенін жұрттың бәрі біледі. Ол ән айтып қана қоймай, сахнада жақсы билейді, музыка аспаптарында да ойнай алады.

Нағыз романтик
The Romantic деп аталатын альбомы 2026 жылғы 27 ақпанда таныстырылады. Бұл оның төртінші альбомы. Марс жаңа жинақтың қалай деп аталатынын екі күн бұрын ғана жариялаған.
Әнші жаңа альбом шығарып қана қоймай, «The Romantic Tour» деп аталатын әлемдік сапарға шығуды көздеп отыр. Ол 2026 жылғы 10 сәуірде Лас-Вегас қаласында басталады. Жыл аяғына дейін шамамен 40 концерт береді. Олардың бәрі Солтүстік Америка мен Еуропада өтеді.

Бруно Қазақстанға келе ме
Әншінің жеке сайтында жарияланған кестеде Қазақстан жоқ. Ол биыл Еуропаның алты қаласында ғана концерт береді: Париж, Берлин, Лондон, Мадрид, Милан және Амстердам. Қалған шоуларының бәрі АҚШ пен Канаданың ірі қалаларында өтеді. Билеттер сатылып жатыр.
Бруноның осыған дейінгі үшінші альбомы сонау 2016 жылы жарық көрген. Ол 24K Magic деп аталады. Он жылға созылған шығармашылық дағдарыс биыл ғана аяқталды.
40 жастағы Бруно Марс «Uptown Funk», «Just the Way You Are», «Billionaire» және басқа да әндерінің арқасында бүкіл әлемге танылды.