Ғалымжан Кенжебек ресейлік «Ахмат» футбол клубына ауысты

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
фото: instagram

Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебек ресми түрде грозныйлық «Ахмат» командасының қатарын толықтырды. Қос тарап 4,5 жылға жарамды келісімшартқа қол қойды.

2003 жылы Тараз қаласында дүниеге келген футболшы алматылық «Қайрат» клубының академиясында тәрбиеленді. Үлкен футболдағы алғашқы қадамын 2020 жылы дәл осы «Қайрат» сапында бастаған. Кейін мансабын «Мақтарал» (Түркістан облысы), «Жеңіс» (Астана) клубтарында жалғастырып, шетелде де бақ сынады. Кипрдің «Акритас Хлоракас» және Словакияның «Кошице» командаларында өнер көрсетті. Соңғы уақытта семейлік «Елімай» клубының намысын қорғады.

Ғалымжан Кенжебек Қазақстан ұлттық құрамасындағы алғашқы ойынын 2024 жылы өткізді. Қазіргі таңда ұлттық құрама сапында 6 матчқа қатысып, бір гол соқты. Сонымен қатар футболшы Қазақстанның 17, 19 және 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар құрамаларында да өнер көрсеткен.

Айта кетейік, «Ахмат» клубын белгілі бапкер Станислав Черчесов жаттықтырады. Бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған. Сонымен қатар грозныйлық клуб сапында тағы бір қазақстандық футболшы Максим Самородов та өнер көрсетіп жүр.

Сондай-ақ оқыңыз