Кәсіпқой бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлына қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстанның Кәсіпқой бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлының допинг дауы бойынша тәртіптік тыңдаудың өткізілетін күнін ресми түрде хабарлады. Федерацияның мәліметінше, тыңдау 2026 жылғы 19 қаңтарға белгіленген.
Тыңдаудың нақты уақыты мен өтетін орны қолданыстағы тәртіпке сәйкес барлық мүдделі тарапқа қосымша түрде хабарланатын болады.
Федерация істің қаралуы қолданыстағы регламенттерге, процестік әділдік қағидаттарына, кінәсіздік презумпциясына және халықаралық антидопингтік стандарттарға толық сай жүргізілетінін атап өтті. Сонымен қатар түпкілікті шешім қабылданғанға дейін кез келген алыпсатарлыққа және жария түрде алдын ала қорытынды жасауға жол берілмейтіні баса айтылды.
Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясы өз қызметінде бірқатар негізгі қағидаттарды дәйекті түрде қорғайтынын мәлімдеді. Федерация алдағы барлық процестік қадамдар туралы қоғамды тек ресми ақпарат көздері арқылы хабардар ететінін жеткізді.
Еске сала кетейік, желтоқсан айының басында Жәнібек Әлімханұлы допинг қолданды деп күдікке ілінген еді.