Украин күштері Каспий теңізіндегі мұнай нысандарын тағы атқылады

Украина қарулы күштері Ресейдің «Лукойл» компаниясының Каспий теңізіндегі мұнай платформаларына шабуылдады. Бұл туралы Kursiv.Media Украина Бас штабы мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Штаб дерегінше, украин күштері ресейлік корпорацияның үш мұнай нысанын – Владимир Филановский, Юрий Корчагин және Валерий Грайфер атындағы бұрғылау платформаларын зақымдаған.
Олардың бәрі Қазақстан аумағына жақын орналасқан. Мәселен, Филановский атындағы платформа қазақ теңіз шекарасынан шамамен 20-30 км, ал қазақ жағалауына дейін шамамен 50-60 км қашықтықта орналасқан.
Айта кетейік, дәл осы Каспий теңізінде Қазақстанның Қашаған, Құрманғазы, Хазар секілді бірнеше ірі мұнай кен орындары бар. Олардың бәрі теңіз қайраңынан шикізат өндіреді.
Естеріңізге сала кетейік, украин дрондары Каспий теңізіндегі мұнай нысандарын 2025 жылғы 11 желтоқсанда да атқылаған. Сол кезде украин күштері Филановский атындағы бұрғыны көздеген.
2024 жылдан бері Киев Ресейдің энергетика нысандарына шабуылын үдете түсті. Енді украин әуе күштері мұнай өңдеуші зауыттарды ғана емес, мұнай-газ экспорттайтын инфрақұрылымға, құбырларға, танкерлерге, сонымен бірге теңіздегі бұрғыларға дүрсін-дүрсін соққы жасай бастады. Атап айтқанда, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ын шетелге экспорттайтын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) нысандары бірнеше мәрте дрондар шабуылынан зардап шеккен. Бұған қоса, украин күштері жыл аяғында Орынборда қазақ газын өңдейтін зауытқа соққы жасаған.
2025 жылдың аяғында депутат Айдос Сарым украин шабуылдарын құптаған азаматтарды «террорист», «сатқын» ретінде жауапқа тартуды талап еткен. Артынша осы мәселеге қатысты қылмыстық іс ашылғаны мәлім болған.