Қазақ мұнайын тасымалдайтын балама бағыттар инвесторларға неге тиімсіз болып тұр

Украина 2025 жылы Ресейдің ірі энергетикалық нысандарына бірнеше рет соққы жасады. Бұл шабуылдан қазақ мұнайын Еуропа елдеріне тасымалдайтын «Каспий құбыр консорциумынаның» (КҚК) нысандары да зақымданды. Геосаяси жағдай шиеленісіп, тағы да шабуылға ұшырау қаупі жоғары болса да, инвесторлар үшін ең тиімді бағыт КҚҚ болып тұр. Өйткені мұнай-газ саласының сарапшысы, Energy Monitor қоғамдық қорының атқарушы директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, шикізатты «Каспий құбыр консорциумынан» (КҚК) басқа бағытпен тасымалдау тым қымбат, инвесторларға тиімсіз. Сондықтан ірі компаниялар тәуекелі көп болса да КҚК-ны таңдайды.
Дерек пен дәйек
Қазақстан мұнайын жалпы 95 компания өндіреді, соның ішінде 30-ы – таза қазақстандық мекеме. Сонымен қатар 140 компания шикізат барлаумен айналысады. 1991-2024 жылдар аралығында елде жалпы құны 1 трлн доллардан асатын 2 млрд тонна мұнай өндірілген. Қазақ мұнайын негізінен Еуропа елдері тұтынады. 2024 жылы мұнай экспорты 71 млн тоннаны құраса, 2025 жылдың 9 айында 73 млн тоннадан асқан.
Қазақстанның қара алтынын тасымалдайтын негізгі құбыр
Каспий құбыр консорциумы 20 жылдан бері қазақ мұнайын Еуропаға жеткізетін негізгі бағыты болып келеді. Қазіргі кезде Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ы шетелге осы құбыр арқылы тасымалданады.
Бұл магистраль Ресей аумағы арқылы өтіп, Батыс Қазақстандағы кен орындарын Қара теңіздегі Новороссийск портымен байланыстырады. Ол құрамына Қазақстан («ҚазМұнайГаз»), Ресей (Транснефть) және Chevron, Lukoil, Eni, Shell сынды компаниялар кіретін халықаралық консорциумға тиесілі.
Украина дрондарының шабуылы
2025 жылы Украинаның Ресейге шабуылына осы құбырдың нысандары да бірнеше рет ілікті. Ақпан айының ортасында «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына БПЛА шабуыл жасады. Кейінірек Украинаның қарулы күштері Ресей аумағындағы бірқатар мұнай өңдеу нысандарына, соның ішінде «Кропоткинская» станциясына соққы бергенін растады.
Ал 24 наурызда консорциум өз нысандарына украин дрондар тағы да шабуылға ұшырағанын мәлімдеді. Маусым айында консорциум осы шабуылдарға байланысты Украинаны халықаралық сотқа беру керек деген бастама көтерді. Қыркүйекте жағдай тағы қайталанды.
Украина Каспий құбыр консорциумының теңіз инфрақұрылымындағы нысандарына ең ауыр соққыны 29 қарашада жасады. Соның салдарынан Новороссийск портындағы 3 айлақ құрылғысының біреуі толық істен шықты. Осы кезде тағы бір айлақ құрылғысы жөндеуге жабылғандықтан, 1,5 ай бойы танкерлерге қара алтын тек бір құрылғы арқылы құйылып жатты.

Қазақстан үкіметі украин дрондарының құбыр нысандарына жасаған шабуылын сынап, ресми наразылық білдірді. Алайда Украина бұл соққылар Қазақстанға емес, Ресейдің энергетика нысандарына бағытталғанын мәлімдеді. Кешен істен шығып қалғаннан соң, қазақ үкіметі мұнай экспорттайтын балама бағыт іздеуге көшті.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуы бойынша, құбырға жасалған шабуыл салдарынан мұнай өндірісі 500 мың баррельге қысқарып, Қазақстан 100 млн доллар шығын шеккен.
Сонымен қатар Қазақстан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) үшін танкерлерге мұнай құюға арналған екі қымбат құрылғы сатып алуға мәжбүр болған. Энергетика министрінің айтуынша, аталған жабдықтар Новороссийск қаласына қаңтарда жеткізілуі тиіс. Қажет құрылғылар Біріккен Араб Әмірліктерінен сатып алынады, Алайда министр оған қаржы жұмсалатынын ашып айтпады.

Сарапшының пайымынша, қазір экономикалық та, техникалық та тұрғыдан КТК-дан толық бас тарту мүмкін емес. Балама бағыттар бар, бірақ біреуінің мұнай тасымалдау көлемі жеткіліксіз болса, екінші бағыттың құны қымбат. Ал тағы бір бағыттың инфрақұрылымы нашар.
Транскаспий бағытының қуаты қандай?
КҚК-ға балама ретінде жиі айтылатын бағыт – Транскаспий маршруты. Яғни мұнайды Ақтаудан Бакуге, одан әрі Грузия мен Түркия арқылы Еуропаға жеткізу. Сырттай қарағанда бұл жол дайын бағыт сияқты көрінеді. Бірақ Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, бұл бағытта бірнеше түйінді мәселе бар.
Ең алдымен ішкі инфрақұрылым жеткіліксіз. Мұнайдың басым бөлігі өндірілетін Атырау облысынан Ақтауға дейін қажетті көлемде мұнай тасымалдайтын жеке құбыр жоқ. Бұған қоса, Каспий теңізінің тартылуы ірі танкерлерді пайдалануға мүмкіндік бермейді. Қазіргі танкерлер 6–8 мың тонна шамасында жүк көтере алады.
Қазақстан қазірдің өзінде «Баку – Тбилиси – Жейхан» (БТЖ) құбыры арқылы жылына 1,5 млн тонна мұнай экспорттап отыр. Алайда бұл бағыт арқылы жылына 1,5 млн тонна ғана мұнай өтеді. Сарапшы техникалық тұрғыда оны 2–2,2 млн тоннаға дейін арттыруға болатынын айтады.
«Транскаспий КҚК-ға балама бола алатын бағыт емес, Ол – қосымша маршрут», – деп атап өтті Жұмағұлов.
Негізі «Баку – Тбилиси – Жейхан» құбырының қуаты жылына 20–23 млн тонна мұнай тасымалдауға жетеді. Бірақ Әзербайжан тарапы оны пайдалану үшін өз талабын қойып, ұзамерзімді келісімшарт талап етіп отыр. Олар шикізатты бірден тие, болмаса ақысын төле деген щарт қояды. Осы ретте сарапшы Қазақстан мұнайды өзә тасымалдамайтынын атап өтті. Шикізатты халықаралық инвесторлар мен трейдерлер арқылы экспорттайды. Ал инвесторлар ең алдымен тасымалдау шығынын қысқартуды ойлайтыны, өзіне тиімді бағытты таңдайтыны анық.
Ал балама бағыт арқылы мұнай тасымалдау құны жоғары. Сарапшының келтірген дерекке сәйкес, КҚК арқылы Атыраудан 1 тонна мұнайды экспорттау 38 долларды құраса, ал «Баку – Тбилиси – Жейхан» бағытымен бұл сома 120 долларға дейін жетеді.
Оған қоса Әзербайжан мұнайы әлемдік нарықта Brent-тен де қымбат бағаланады. Ал қазақ мұнайында күкірт мөлшері жоғары. Егер осы құбыр арқылы қазақ мұнайы ірі көлемде тасымалдана бастаса, әзербайжан мұнайының бағасы арзандап кетуі ықтимал. Мұндай жағдайда Әзербайжан шығынын тарифті көтеру арқылы өтеуі мүмкін.
Басқа бағыттардың болашағы бар ма?
«Баку – Супса» мұнай құбыры да балама бағыт ретінде аталады. Оның өткізу қабілеті – жылына 5 млн тонна. Алайда құбырдың бір бөлігі Оңтүстік Осетия арқылы өтетіндіктер, аймақта қауіпсіздік мәселесі ушығып тұр. Сондықтан инвесторлар бұл бағытқа сақтықпен қарайды.
Ал Қытайға мұнай тасымалдайтын «Атасу – Алашаңкөл» мұнай құбыры жылына 20 млн тоннаға дейін қабылдай алады. Алайдда елдің басында өндірілген мұнайлды Атасу бекетіне дейін жеткізу қымбатқа түседі. Бұл құбыр арқылы жылына 11 млн тонна мұнай тасымалданады. Соның ішінде 1 млн тоннасы қазақ мұнайы болса, қалғаны – Ресейдікі. Осы құбыр Жұмағұловтың айтуынша, үш жыл бұрын бұл бағытты кеңейту туралы тапсырма берілгенімен, іс жүзінде айтарлықтай нәтиже жоқ.