Таиландта Қазақстан азаматтары да мінген катер теңізге батып кетті

Таиландтың Пхукет аралында бір топ турист мінген катер балық аулайтын кемемен соғысты. Катер теңізге батып кетті. Оқыс оқиғадан бір адам қаза тауып, 21 адам жараланды.
Оқиға 11 қаңтарда жергілікті уақытпен таңертең сағат 9:10 шамасында болған. Thairath басылымының мәліметінше, катер Андаман теңізінде, Кох Кхиао аралына жақын маңда суға батып кеткен.
Мәліметтерге қарағанда, кемелердің соғысуынан барлығы 22 адам зардап шеккен: 3 тай экипажының мүшесі және 19 шетел турисі. Бір адам қаза тапқан. Ол 18 жастағы ресейлік Елизавета Старых екені кейін мәлім болған.
People дерегінше, туристік катерде барлығы 52 жолаушы мен экипаждың үш мүшесі отырған.
Ресейдің Пхукеттегі бас консулы Егор Ивановтың хабарлауынша, катерде 33 ресейлік, сонымен бірге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдердің азаматтары болған.