Шұбарсуда 3 адам уланып қайтыс болды

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында жекеменшік үйді жалға алып тұрған бір отбасының үш адамына иіс тиіп, қайтыс болды. Олардың бірі – анасы, екеуі бала. Иіс тиген тағы бір бала бүгін ауруханадан шығарылды.
Қайғылы оқиға 8 қаңтар күні болған. Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген 37 жастағы келіншек таңертең жұмысқа келмеген соң әріптестері үйіне іздеп барған. Олар өлім аузында жатқан баланы көріп жедел жәрдем шақырған. Ал анасы мен екі баласының жансыз денесін көрген.
Марқұмдардың туысы Жамбыл Дәулетовтің айтуынша, отбасы бұл үйді жалдап тұрған. Күйеуімен ажырасқан әйел үш баланы жалғыз тәрбиелеп жүрген. Мінезі салмақты, ұқыпты болған.
«Осы маңда тұрамын. У-шуды естіген соң жүгіріп келдім. Келсем балаларды сыртқа шығарып қойған екен. Жаны үзіліп кетіпті. Үшінші бала аман болды. Оны жедел жәрдем алып кетті», – дейді ол.
Аудандық орталық ауруханасының жан сақтау бөліміне түскен 12 жастағы балаға анасы мен 5 және 7 жастағы інілерінің қайтыс болғаны әлі айтылмаған. Ресми мәлімет бойынша, бала бүгін ауруханадан шығарылған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше отбасы үйді көмір жағып, жылытқан. Пеш жарылған және мұржасы дұрыс тазаланбаған.
«Оқиға қатты отынмен жұмыс істейтін жылыту пешін пайдалану ережелерінің бұзылуынан болған. Нақтырақ айтқанда, түтін мұржасының тазаланбаған», – делінген департамент хабарламасында.
Департамент мәліметінше, оқиғаға қатысты тексеру басталған.
Шұбарсу ауылдық округі әкімінің орынбасары Ғабит Аман бұдан бұрын үйді тексергенін, марқұм әйелге пешті жөндеуді және мұржасын тазалау керектігін түсіндіргенін айтады.
Айта кетейік, бұдан бұрын Сарыағашта бір үйдің жеті адамы уланып, ауруханаға түскен еді. Төтеншеліктер тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, түтін мұржаларын уақытылы тазалауға шақырған болатын.