Коуч Бақытбай Сабырбектің көпшілік алдындағы сөзіне кәсіби талдау

Өзін еліміздегі ең үлкен қазақша бизнес-клубтың негізін қалаушысы деп атап жүрген коуч Бақытбай Сабырбектің трансформациялық трениңдерінің бірінде айтқан сөзі желіде қызу талқыланып жатыр. Атап айтқанда, ол «балалардың ерекше (дамуы тежелген балалар туралы – авт.) болып туатын себебінің бірі ретінде еркектерді менсінбегендік жатыр» деп мәлімдеме жасайды. Белгілі коучтың көпшілік жиналған жерде айтқан сол сөзіне талдау жасап шықтық.
Жараны емдеудің орнына жара салуға болмайды
Әлқисса, ол трениңде жүздеген адам жиналған, барлығы сол жерде басындағы мәселесі туралы айтады. Проблемасын айтпақ болған әйелмен диалог былайша өрбиді:
- Жасыңыз қаншада?
- Бір айдан кейін 38-ге толамын
- Мама, мен сізді 40-48 жаста деп ойлап тұрдым. Біздің қасымызда 42-дегі әйелдер жүр. Түріне қарасаң, менімен жасты сияқты, 6 баласы бар
- 4 балам бар
- Қатты кетіп қалыпсыз
- Өзіңізге қарау деген нәрсе қайда?
- Қазіргі ойым тек ерекше баламда
- Ұл ма, қыз ба?
- Ұл
- Несімен ерекше?
- Аутизм
- Ол жалпы диагноз емес пе? Нақты айтсақ?
- Сөйлей алмайды, танымайды
- Психологиялық дамуы тежелген
- Ол бала не үшін дамымай жатыр деп ойлайсыз?
@bakytbai_sabyrbek 2-ші бөлімді көру үшін маған тіркеліп, лайк басып пікір қалдыр🫰🏻 #разбоооооооор ♬ оригинальный звук – bakytbai_sabyrbek
Әрмен қарай әйел кінәні өзінен іздейтінін, дұрыс көңіл бөлмегенімнен деп ұзақ сөйлейді. Бірақ Бақытбай Сабырбек сөздің бағытын еркектерді менсінбеушілікке бұрып, ақыры аузына «күйеуімді мүлдем мойындамайтынмын» дегенді салып береді. Осылайша, баланың аутист болғанына себеп ретінде «баланың дамымай жатқаны бейсаналы түрде еркектерді менсінбегеннен» деп ой түйеді. Ал енді диалогтағы сөздерді талдап шығалық. Бұл кейстегі этикалық және кәсіби олқылықтарды тізейік. Бұл жерде көмек емес, керісінше траума басым.
Этикалық деградация һәм коучтың кәсіби әдепті бұзғаны туралы
Негізі көпшілікті жинап алып өткізетін психологиялық немесе трансформациялық практикаларда ұстануға міндетті қағидалар болады. Атап айтқанда, алдыңызға келіп тұрған адамды құрметтеуіңіз керек. Оның айтып отырған мәселесіне терең үңіліп қана қоймай, эмпатия сақтау да маңызды. Үшінші бір қағида – сынауға және баға беруге болмайтыны. Мына жағдайда осы үшеуі өрескел бұзылып тұр.
Сабырбек «Мама, сізді 48-де деп ойладым» дейді. Бұл жерде адамды көптің алдында жерге кіргізіп, кемсітіп тұр. Яғни кәсіби маман бола тұра біреуді сырт-келбетіне қарап бағалағанын байқаймыз. Одан кейін «төрт балам бар» дегеніне «қатты кетіп қалыпсыз» дейтіні – ешқандай этика шеңберіне сыймайтын сөз. Тіпті бұлай сөйлегені оның өз басындағы кей проблемаларды айна секілді көрсетіп қалған болуы әбден мүмкін. Жалпы алғанда психолог һәм коучтің клиентінің қанша бала туғанында, не бала туғысы келе ме, жоқ па деген ойында шаруасы болмауға тиіс. Себебі бұл жерде жеке шекара мәселесі бар.
Аутизмге қатысты сөзі жайлы
Ең алдымен Бақытбай Сабырбектің медициналық білімі жоқ екенін атап өту керек. Демек, оның аутизмнің неден туындайтынына қатысты толғауына құқығы жоқ. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше уақыт бұрын полиция блогер Райхан Жұмамұратоваға «аутист балаларды емдету керек. Емделмесе, өлтіру керек» деген сөзіне қатысты іс қозғаған еді. Сондай-ақ, блогер Гүлнар Оразалина «аутист балалардың көбейгені әйелдердің жүргіш болып кеткенінен» деп мәлімдеме жасап, айыппұл арқалаған. Байқасақ, әлеуметтік желіде не көпшілік ортада осылай негізсіз сөйлей салатын, сөзіне жауапкершілік ала білмейтін адам көбейген.
Енді Сабырбектің кейсіне келсек. Бұл жерде біз псевдоғылыми редукционизм мен виктимблеймиңнің үлгісін көріп отырмыз. Аутизм кезінде баланың дамуы өзгеше сценариймен жүреді. Оның түп төркінінде биологиялық және генетикалық мәселелер болуы мүмкін. Бірақ еш жерде «баланың әкесін менсінбегеннен бала аутист болып туады» деген дәлелденген тұжырым жоқ. Сондықтан мұнда псевдоғылыми редукционизм көрінісі бар дейміз. Енді мұның психологиялық контексіне үңілсек.
Ерекше баласы бар ана онсыз да өзін кінәлайтыны белгілі. Оған қоса, бала күтімді көп талап ететіндіктен ол ана шаршаңқы, көңілі жабырқау, көпшіліктен саяқ жүреді. Мұндайда коуч тарапынан қолдау емес, «сіз күйеуіңізді менсінбегенсіз. Содан балаңыз осындай болып туды» деп кінә тағылса, бұл – жараға тұз сепкенмен тең. Яғни виктимблеймиңнің нағыз өзі.
Манипуляция хақында
Коучтың бұл ісіне қарап, кәсіби маманнан гөрі псевдопсихологиялық практика жасаушының тірлігі басым екенін байқауға болады. Адамның басындағы сәтсіздік не мәселенің түп-тамырын қарапайым бір себепке тели салғаны – ойдан құралған иллюзия.
Яғни «әкесін менсінбедің, содан балаң аутист болды» дегені сыни ойлай білмейтін, жалған тұжырымға толы бос сөз. «42 жастағы әйелдер жүр, менімен жасты сияқты» дегені өзінің жасы одан әлдеқайда кіші екенін көрсетіп, сол арқылы басқамен салыстырып тұрғанын білдіреді. Бұл болса – құнсыздандыру. Бұлай айта отырып ол клиентін әдейі төмендетіп, алдағы уақытта өз беделін жоғарылатып, ойына тәуелді етуге қадам жасап отыр. Трансформациялық трениңде терапия емес, мораль оқылғаны байқалады. Бұл болса, коуч тарапынан көмектен гөрі бақылауда ұстауға тырысу бар екенін білдіреді.
Жеке шекара туралы
Кейінгі кездері әлеуметтік желіде аудитория жинап алып, кәсіби білімі болмаса да трансформациялық трениңдер мен психотерапиялық жұмыс істейтіндер көбейді. Бұдан төнетін қауіп қандай? Психиатрия, этика, нейпропсихология туралы базалық білім болмаған жерде қате интерпретация жасау да көп болады. Мысалы мына жағдайда диагнозы бар балалар жайлы тұжырым көпшілік алдында айтылды. Сыни ойлау қабілеті аз адам коучтың бұл ойын дұрыс деп қабылдап, кейін сол пікірін басқаға да тықпалай беруі әбден мүмкін. Нағыз маман болса, бұл кейсте диагноздың шығу төркінін талдамас еді. Сынап-мінеудің орнына жылы сөзбен қолдар еді.
Жиналған жұрттың алдында клиентін кінәлі қылып, бетін қызартпас еді. Бір жағы осы жағдайға қарап қазіргі трениңдердің хайп пен шоудың ордасына айналғанын көреміз. Эмпатияның орнына манипуляция жасап, көмектесудің орнына жаңа бір жара салу қалыпты жағдай болып жатыр.