Мемлекеттен көмек алған банктер дивиденд төлемес бұрын қарызын қайтаруға тиіс

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мемлекеттен қаржылай қолдау алған банктердің акционерлеріне дивиденд төлеу, акцияларды кері сатып алу және ірі акционерлердің үлесін қысқарту тәртібін қатаңдатты. Тиісті қаулы 2026 жылғы 22 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Жаңа талапқа сәйкес, мемлекетке қарыз банктер дивиденд төлеу немесе акцияларды кері сатып алу туралы шешім қабылдамас бұрын, жоспарланған төлемнің кемінде 66%-ына тең қарызды мемлекетке қайтаруға міндетті. Бұған дейін бұл көрсеткіш 10%-дан 66%-ға дейін болған. Дәл осындай шектеу акцияларды кері сатып алу операцияларына да қолданылады.
Қаражат шешім қабылданған күннен бастап үш ай ішінде, ал мерзімінен бұрын өтеу көзделмеген жағдайда кредитордың келісімінен кейін бір ай ішінде қайтарылады.
Сонымен қатар, мемлекеттен қаржы алған банктердің ірі акционерлері өз үлесін толық сатса мемлекеттен алған қарызын толық қайтаруға тиіс. Егер банк жаңа инвесторға өтсе, онда жаңа акционер банк атынан мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын қайтару жөнінде нақты жоспары мен қаржыландыру көздері көрсетілген жазбаша міндеттеме ұсынуға міндетті.
Одан бөлек барлық есеп тәуелсіз аудитор арқылы расталуы қажет. Аудитор банктің пайдасын және кері сатып алу сомасын белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.
Қай банктің балансында мемлекеттен алған қарызы бар
2023 жылдан бері банктер мемлекетке 500 млрд теңгеден астам қаржыны қайтарған. Қазіргі таңда Alatau City Bank, Нұрбанк және «Еуразиялық банк» балансында алған қарызы бар.
Соның ішінде бұрынғы Jusan bank, қазіргі Alatau City Bank-ке ең көп көмек көрсетілген: 1 трлн теңгеге жуық. Қаржы ұйымы бұл қаражаттың 100 млрд теңгесін ғана қайтарып, мойнында әлі 950 млрд теңге қарыз тұр.
Ал «Еуразиялық банкке» 150 млрд теңге қарыз берілсе, банк соның 48 млрд теңгесін қайтарған. «Нұрбанктің» балансында мемлекеттің 47 млрд теңгесі бар.
Alatau City Bank миллиардер Вячеслав Кимге тиесілі болса, Нұрбанктің иесі – Эльдар Сәрсенов. Ал «Еуразиялық банктің» акциялары Патох Шодиев, Ибрагимовтар отбасы мен марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлерінің меншігінде.