Жаңаөзенде газ өңдеу зауытының құрылысы қалай жүріп жатыр

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Асхат Хасенов Жаңаөзен қаласында салынып жатқан жаңа газ өңдеу зауытының құрылысын аралады.
Компания мәліметінше, қосалқы станцияға арналған жабдық құрылыс алаңына жеткізілді. Бұған қоса, қуаты 25 МВА болатын трансформаторлар Қазақстанға келе жатыр.
Бұдан бөлек, жеті нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олар: өрт бекеті, зертхана, қойма, әкімшілік-тұрмыстық кешен, операторларға арналған бөлме, өртке қарсы резервуарлар және химиялық реагенттер қоймасы.
Салқындату блоктарының модульдерін құрастыра бастады. Сонымен бірге Siemens газ турбинасының қозғалтқышы, сфералық және вертикалды болат резервуарларының бөлшектері жасалып бітті. Қазіргі уақытта логистикаға қатысты іс-шаралар пысықталып жатыр.
Ұлттық компания газ өңдеу зауытының құрылысы кестеге сай жүріп жатыр деп таратты. Хасенов құрылысты белгіленген мерзімде орындауды тапсырды. Бұған дейін зауыт 2026 жылы іске қосылады деп хабарланған. ҚМГ оның құрылысына 216 млрд теңге құйған.
Зауыт бір жылда 900 млн м³ дейін табиғи және ілеспе газды өңдей алады.