ЕАЭО медицина бұйымдарын тіркеу мерзімін ұзартты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
медицина
Фото: kursiv.media мұрағаты

ЕАЭО шеңберінде ұлттық ережелер бойынша медициналық бұйымдарды тіркеу мерзімі 2027 жылдың соңына дейін ұзартылды.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұған дейін мұндай мүмкіндік 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзіммен шектелген. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО ережелері бойынша медициналық бұйымдарды тіркеуге толығымен көшу жоспарланған болатын.

«ЕАЭО шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы тиісті хаттамаға 2025 жылы 29 желтоқсанда қол қойылды. Қабылданған түзетулерге сәйкес, 2027 жылы 31 желтоқсанға дейін өндірушілер мен жеткізушілер медициналық бұйымдарды ЕАЭО ережелері бойынша да, мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес те тіркей алады», – делінген министрліктің хабарламасында.

Бұл ЕАЭО-ның ортақ нарығы талаптарына бейімделіп жатқан отандық өндірушілер мен импорттаушылар үшін маңызды. Өтпелі кезеңнің ұзартылуы қазақстандық бизнеске медициналық бұйымдарды нарыққа шығару кезінде икемділікті сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол реттеушілік тәуекелдерді азайтады. Бұдан бөлек, тіркеу қағидалары өзгерген жағдайда өнімді үзіліссіз жеткізуді жоспарлауға жағдай жасайды.

Бұл шешім медициналық бұйымдарды ЕАЭО ережелері бойынша тіркеуге біртіндеп көшуге мүмкіндік береді. Ал тұтынушылар үшін бұл нарықта медициналық өнімдердің үздіксіз әрі жеткілікті көлемде болуын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ оқыңыз