2025 жылы Қазақстанда сауда-саттық қарқыны төмендеген

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ішкі сауда қарқыны неге баяулады / Фото: kursiv.media архиві

2025 жыл Қазақстанда ішкі сауда көлемі артқанымен, оның өсу қарқыны алдыңғы жылмен салыстырғанда баяулады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, былтыр ішкі сауда 8,9%-ға өсті. Бұл 2024 жылғы 9,1%-дық өсімнен төмен көрсеткіш.

Жалпы «сауда» саласы бойынша физикалық көлем индексі 108,9%-ды құрады. Яғни нарық өсуді жалғастырды, бірақ серпіні әлсірей түсті. Бұл үрдіс әсіресе бөлшек саудада айқынырақ байқалды.

Сауда саласының негізгі салмағы бұрынғыдай көтерме саудаға тиесілі. 2025 жылы көтерме сауда көлемі 9,5%-ға өскен. Ал бөлшек саудадағы өсім 7,5%-бен шектелді. Сөйтіп, жалпы сауда құрылымында көтерме сауданың үлесі 66,6%-ға жетсе, бөлшек сауда 32,9%-ды құрады.

Көтерме сауда айналымы бір жылда 53,5 трлн теңгеден асып түсті. Бұл сегментте азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық өнімдер басым: олардың үлесі 82%-дан асады. Ел бойынша көтерме сауданың негізгі орталығы ретінде Алматы қаласы алда тұр: жалпы көлемнің 36,2%-ы осы мегаполиске тиесілі. Астана (16,4%), Атырау облысы (12,3%) мен Қарағанды облысы (6,1%) да ірі ойыншылар қатарында.

Бөлшек саудада өсім бар, болғанымен қарқыны бәсең. 2025 жылы бөлшек сауда көлемі 26,4 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7,5%-ға артты. Ірі сауда кәсіпорындарындағы өсім 5,9% болса, жеке кәсіпкерлердің, соның ішінде базарларда сауда жасайтындардың айналымы 10,3%-ға артты.

Меншік құрылымында жеке кәсіпорындардың басымдығы сақталды: бөлшек сауда көлемінің 90%-дан астамы солардың үлесінде. Шетелдік меншік нысанындағы кәсіпорындардың үлесі шамамен 10%-ды құрады.

2026 жылдың басына қарай бөлшек сауда кәсіпорындарындағы тауар қоры 1,6 трлн теңгеге жетті. Бұл саудадағы қордың орта есеппен 52 күнге жететінін көрсетеді.

Тауар құрылымына келсек, қазақстандықтардың тұтыну себетінде азық-түлік емес тауарлар басым. Олардың үлесі 66,9%, ал азық-түлік тауарлары 33,1% болды. Бір жыл ішінде азық-түлік тауарларының сатылымы 7,8%-ға, азық-түлік емес тауарлар 7,3%-ға өсті.

Аймақтар бойынша бөлшек саудада да ірі қалалардың ықпалы басым. Алматы қаласы жалпы көлемнің 33,7%-ын иеленсе, Астана 14,3%-ды құрады. Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары да алдыңғы қатарда.

2025 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі 6,5%-ды құрады.

Сондай-ақ оқыңыз