Қытай компаниясы Қазақстандағы күміс кен орнын сатып алмақ

Әлемдік нарықта күміс бағасы қымбаттап жатқан шақта, қытай компаниясы Қазақстандағы ірі қорғаныс-күміс кен орнын сатып алмақ. Finmentor телеграм-арнасының авторы Арман Батаевтың жазуынша, қытайдың Zhekuang Heavy Industry Co. Ltd. компаниясы Қазақстандағы маңызды кен жобасын сатып алу жөніндегі келісімге келген.
Компания еншілесі – Hainan Changxing 2025 жылдың соңында «Тау-Кен Самұрық» АҚ-мен «Алайғыр» бірлескен компаниясының 100% жарғылық капиталын сатып алу жөнінде кейінге қалдырылған шарттармен, келісімшартқа қол қойған.
«Алайғыр» бірлескен компаниясы – «Тау-Кен Самұрыққа» тиесілі және Қарағанды облысындағы аттас қорғасын-күміс кен орнына иелік етеді. Аталған жоба полиметалл рудаларын өндіруге бағытталған.
Zhekuang Heavy Industry – тау-кен жабдықтары мен материал өңдеу шешімдерін өндіретін ірі қытайлық компания. Оның акциялары Шэньчжэнь қор биржасында саудаланады.
Батаевтың дерегі бойынша, мәміле құны 350 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар, сатып алушы «Алайғыр» компаниясының кемінде 28,8 млрд теңгенің қарызын өз мойнына алады. Аудит пен бағалау нәтижесіне қарай мәміленің түпкілікті құны нақтыланбақ.
«Алайғыр» полиметалл кен орнын пайдалану құқығы 2013 жылдан бері осы компанияға тиесілі. Алайда жоба әлі күнге дейін аяқталмаған құрылыс сатысында қалып тұр, өндіріс басталмаған. Кен орнын игеру лицензиясы 2038 жылға дейін жарамды, сондай-ақ барлау жұмыстарын жүргізуге арналған екі лицензиясы бар.
Мәміле аяқталғаннан кейін Zhekuang Heavy Industry жобаның өндірістік бағытын сақтау, лицензиялық талаптарды толық орындау және бес жыл ішінде кен байыту фабрикасының құрылысын аяқтап, коммерциялық өндірісті іске қосуға міндеттенеді.
Келісімді 2026 жылғы 30 сәуірге дейін жабу жоспарланған.
2025 жыл соңында нарықта күміс 74,9 долларға дейін қымбаттады. Бұл – тарихи рекорд.