Автолизинг бағдарламасында қандай қателіктер орын алды – министрлік түсіндірді

Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы неге басталмай жатып тоқтап қалғанын түсіндірді.
Комитет өкілі автолизинтің Forte Leasing бағдарламасы аясында алғашқы легі берілгенін еске салды. Алайда қаржылық құрал жаңа болғандықтан, реттеуге қатысты мәселелер туындаған. Сол себепті былтыр қараша айында бағдарламаға өзгеріс енгізуге тура келген.
«Автолизинг үш жыл мерзімге 15% мөлшерлемемен берілді. Былтыр қарашада жеке тұлғаларға автолизинг рәсімдеуге құқық беретін құқықтық норма енгіздік. Қазір Өнеркәсіп комитеті, Қазақстан машина жасаушылар одағы және инвесторлар арасында үшжақты келісім жасалып, лизинг тәртібі пысықталып жатыр. Талаптары нақтыланған соң, қайта жарияланады», – деп түсіндірді комитет өкілі үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Қандай мәселелер туындады
Мұхамед Андаковтың айтуынша, көлік лизинг берген компанияның атында қалады. Ал лизинг алушы жол ережесін бұзса, айыппұл көлік иесіне жазылады. Осы және өзге де мәселелер туындаған. Бұл орайда Ұлттық экономика министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің өз ұсыныстары бар.
Лизинг қандай көліктерге беріледі
Сондай-ақ ол көліктердің маркасына қатысты шектеу жоқ екенін айтты. Бағдарлама аясында Қазақстанда құрастырылған жаңа көліктер де, шетелден импортталған да бар.
4% автонесие жалғаса ма
Мұхамед Андаковтың айтуынша, 4%-дық автонесие бағдарламасына қосымша қаржы бөлінбейді, алайда бұрын бөлінген қаражат револьверлік жүйемен айналымда жүр.
«Қазақстан Даму банкі бөлген 80 млрд теңге қазір нарықта айналып жатыр. Ал қосымша бөлінген 100 млрд теңге автобус парктерін жаңартуға бағытталды. Бұл қаражатқа 2 мыңға жуық экологиялық стандартқа сай автобус сатып алынады», – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 16 қазанында үкімет жеке тұлғаларға арналған автомобиль лизингін енгізу туралы шешім қабылдады. Ол қазақстандықтардың автомобиль сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге тиіс.