2025 жылы сайлау өткізуге бюджеттен қанша қаржы жұмсалды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
сайлау выборы election
2025 жылы сайлау өткізуге қанша қаржы жұмсалды Фото: shutterstock

2025 жылы қала әкімдері мен мәслихат депуттарының сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен 8,3 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы Қаржы министрлігінің есебінде жазылған.

Жалпы Орталық сайлау комиссиясына жыл басында 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланған болатын. Алайда бюджетке түзету енгізіліп, қаржы екі есе қысқарып, 10,7 млрд теңге қарастырылған, Жыл соңында осы қаражаттың 10,699 млрд теңгесі пайдаланылып, бюджеттің орындалу деңгейі 99,9%-ды құрады.

Бөлінген қаржының негізгі бөлігі сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалды. Сайлау ұйымдастыруға арналған бағдарламаға 1,4 млрд теңге қарастырылып, бұл қаражат толық дерлік игерілген. Ол Орталық сайлау комиссиясының күнделікті жұмысы, ақпараттық жүйелердің дұрыс жұмыс істеуі және әкімшілік шығындарға бағытталған.

Ең ірі шығын сайлау өткізуге жұмсалған. Бұл мақсатқа 8,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның басым бөлігі сайлау қызметін қамтамасыз ету және аумақтық сайлау комиссияларының жұмысына жұмсалды. Бұл бағытта шамамен 7 млн теңге ғана игерілмей қалды.

Сонымен қатар, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау үшін облыстық бюджеттерге 941,5 млн теңге аударылды. Бұл қаражат толық көлемде пайдаланылды. Өкілдік іс-шараларға арналған 32,2 млн теңге де түгел жұмсалған.

2025 жылы мәслихат депутаттарының және жер-жерде аудан мен қала әкімдерінің сайлауы өткен. Алайда Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров пен Мархабат Жайымбетов  аудан әкімдерін сайлауды тоқтата тұруға шақырған. Ерлан Саировтың айтуынша, 52 аудан және қала әкімі сайланған.

Орталық сайлау комиссиясы сайлауды уақытша тоқтату және саяси мораторий енгізу мәселелері ОСК құзыретіне кірмейтінін ескерткен.

Сондай-ақ оқыңыз