«Zigi-Zagi», Dizzy мен Gorilla-ның артында кім тұр?

Осы жылы «Қызық премия» шарасында отандық Zigi-Zagi бренді жыл сайын ғылым дамуы үшін 100 млн теңге бөлуге уәде беріп, жомарттық көрсетті. Бұл бренд нарыққа шыққанына көп бола қойған жоқ, осындай мырзалық жасауға әлеуеті жете ме? Жалпы отандық сусын брендтерін қандай компаниялар шығарады? Бизнесі қалай жүріп жатыр? Kursiv.Media осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Zigi-Zagi
Zigi-Zag бренді соңғы екі жылда отандық блогерлердің сторисі мен лентасынан түспей келеді. Сусынды 2024 жылдан бері «Zhiger Trade Almaty» ЖШС шығарады. Компания 2018 жылдан бері макарон өнімдерінің дистрибуциясымен айналысқан. Цехтары Алматы, Шымкент және Таразда орналасқан.

Ашық деректе, «Zhiger Trade Almaty» құрылтайшысы ретінде Камардин Мұхамед есімді кәсіпкер көрсетілген. Бизнесі, дәулеті, жеке өмірі туралы ақпарат мүлдем жоқ. Компания маркетинг бөлімінің айтуынша, құрылтайшы медиа тұлға емес, өзі туралы ақпарат жарияланғанын құп көрмейді.
Өткен жылы «Zhiger Trade Almaty» бюджетке 100 млн теңге, 2024 жылы 65 млн теңге салық төлеген. 2023 жылы бюджетке 53 млн құйған. Жылына 100 млн теңге салық төлейтін компания Қазақстанда орта бизнеске жатқызылады. Яғни жылдық айналымы миллиард деп болжауға болады.
Ескеретін жайт, компания ҚҚС төлейді, яғни ірі экспорттаушы. Салық режиміне сәйкес, 2025 жылы мемлекет «Zhiger Trade Almaty» ЖШС-ға 62 млн теңге, 2024 жылы 21 млн теңге, 2023 жылы 19 млн теңге ҚҚС қайтарған.
Осы жылы «Қызық премияда» компания ғылым дамуына жыл сайын 100 млн теңге бөліп отыруға уәде берді. Демек компанияның бұған әлеуеті әбден жетеді деуге болады.
Dizzy
Жасөспірімдердің сүйікті энергетикалық сусыны Dizzy-ді «Рикс ЛТД» компаниясы шығарады. Оның иесі – қазақстандық миллиардер, Forbes-тағы ең бай 75 кәсіпкер тізіміне енген, 63 жастағы Александр Чукреев. Дәулеті 384 мың доллар. Компанияны ұлы Николай Чукреевпен бірге басқарады.

«Рикс ЛТД» Қазақстан нарығында 20 жылдан бері жұмыс істейді. Dizzy Energy-ден бөлек Riks лимонады, Ice Tea, Rix-Tea, Moxito Riks, Березка сусындарын, Arzu Life Fitness және Asem-Ai Saryagash минералды суын шығарады. Компанияның Ақтөбе мен Алматы түбінде зауыттары бар. Сайтындағы ақпаратқа сенсек, портфелінде 100-ге жуық өнім бар. Зауыттар күніне 500 мың литр сусын шығарады.
«Рикс ЛТД» – ең ірі, бай компанияның бірі саналады. Соңғы он жылда ел бюджетіне 18 млрд теңге салық төлеген. Орта есеппен жыл сайын 1 млрд теңге салық төлеп отырады. Былтыр Dizzy мен Moxito сатудан түскен қаржының 4 млрд теңгесін бюджетке құйды.
Энергетикалық сусынды Қазақстаннан бөлек Өзбекстанға да экспорттайды.
Gorilla Energy
Gorilla Energy – халықаралық бренд. 2008 жылы Нью-Йоркте пайда болған. Бренд АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия, Аустралия сияқты әлемнің 29 елінде сатылады. Штаб пәтері Лос-Анжелес пен Дубайда орналасқан.
Қазақстанда бұл энергетикалық сусында Gorilla Asia компаниясы өндіреді. Алматыда зауыты бар. Қазақстанда шыққан Gorilla Energy Кавказ елдеріне, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Моңғолияға экспортталады. Жылына 60 млн литр сусын өндіріп, елдегі ең ірі экспортшылардың біріне айналған.
Gorilla Asia құрылтайшысы – FIZZ BEVERAGES HOLDING LTD компаниясы және Владимир Айдарбеков. FIZZ BEVERAGES HOLDING Кипрде тіркелген. Айта кету керек, Gorilla Energy халықаралық бренді Gorilla Drinks Limited компаниясына тиесілі және ол да Кипрде тіркелген.
Gorilla Asia соңғы бес жылда 56 млрд теңге салық төлеген. Былтыр бюджетке 19 млрд теңге, ал 2024 жылы 21 млрд қаржы құйды.
Gorilla Energy әлемге әйгілі спортшылармен (мысалы, Хабиб Нурмагомедов, қазіргі UFC чемпиондары) және киберспорт командаларымен тығыз жұмыс істейді. Қазақстанда да түрлі шаралардың демеушісі болып отырады.
Piala шәй, Gracio шырыны
Энергетикалық сусындардан тәтті шырындарға ауысайық. Нарықтағы танымал брендтердің бірі Piala салқын шәйі, Grasio, DaDa шырындары. Бұл өнімдерді RG Brands компаниясы өндіреді.
RG Brands иесі – Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер тізіміне енген, 57 жастағы Қайрат Мәжібаев. Дәулеті 190 млн доллар деп бағаланған. RG Brands-тың Қырғызстан мен Ресейде еншілес компаниялары бар.
RG Brands компаниясы елдегі сусын өндіруші алғашқы өндіріс орындарының бірі деп саналады. Былтыр Forbes-тағы ең ірі 75 компания тізіміне енді. Бір жылдағы таза пайдасы – 21 млрд теңге.

Ai Tea
Ai Tea – жастар арасындағы танымал сусын, салқын шәй. Бұл өнім «Caspian Beverage Holding» АҚ компаниясынан шығады.
Caspian Beverage Holding – нарықтағы ең ұзақ ойыншының бірі. 1989 жылдан бастап жұмыс істейді. Компания иесі – Ахметовтер әулеті. Вице-президенті – Алмат Ахметов. Кәсіпкер ғана емес саясатқа да қатысы бар. 2024 жылы Алматы қалалық мәслихаты депутаты болып сайланды.

Caspian Beverage Holding компаниясында Ai Tea-дан бөлек «Настоящий Буратино», «Компотай» шырындарын, «Tamga» энергетикалық сусынын шығарады.
2025 жылы 349 млн теңге, 2024 жылы 339 млн теңге, 2023 жылы 813 млн теңге салық төлеген. Ірі экспортер, мемлекет оған соңғы екі жылда 300 млн теңге көлемінде ҚҚС қайтарған.
2012 жылдан бастап компания өнімдерін Ресей мен Қырғызстанға экспорттай бастады.
Coca-Cola, Fanta, Sprite
Сусын өндірушілер арасынан ең ірі, ең бай және ең танымал компанияға келіп жеттік. Ол – Coca-Cola Almaty Bottlers. Бұл трансұлттық Coca-Cola İçecek-тың еншілес компаниясы. 1994 жылдан бері жұмыс істейді. Coca-Cola Almaty бас компаниясынан концентраттар сатып алады, сусынды Қазақстанда өндіреді. Алматы, Шымкент және Астанада зауыттары бар.

Компания құрылтайшысы – Coca-Cola İçecek A.Ş компаниясы және CCI International Holland B.V.
2025 жылы компания бюджетке 61 млрд теңге салық төлеген. Салыстыру үшін айтсақ, Gorilla Asia-ның бес жылдық салығы 56 млрд-қа тең еді. 2024 жылы 44 млрд, 2023 жылы 53 млрд теңге құйды.
Компания брендтері қатарында Coca-Cola, қантсыз Coca-Cola, Fanta, Sprite, Piko, BonAqua, FuseTea тәрізді өнімдер бар. Айта кету керек, Piko брендін 2003 жылы «ФудМастер» компаниясынан сатып алды.
Байқағандай, тәтті, энергетикалық сусын өндірісі – өте табысты бизнес. Компаниялар миллиардтаған қаржы тауып, бюджетке жүздеген миллион салық төлейді. Бірақ олардың ағзаға, жүрек жұмысына зиян тигізетінін де ескерте кеткіміз келеді. Ал осы жылдан бастап 21-ге толмағандарға энергетикалық сусындар сатқандарға айыппұл салынады.
Салық кодексіндегі жаңа өзгеріске сәйкес, энергетикалық сусындарға 10% акциз салығы енгізіліп отыр. Демек осы жылы Dizzy мен Gorilla бағасы да өседі.