Қазақстан Трамптың Иранмен сауда үшін баж салығы туралы мәлімдемесіне жауап берді

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Қазақстан Трамптың Иранмен сауда үшін баж салығы туралы мәлімдемесіне жауап берді / Фото: Shutterstock

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың Иранмен сауда байланысын жалғастырып жатқан елдерге қарсы баж салығын енгізу туралы мәлімдемесіне түсініктеме берді. Ведомство жағдайды мұқият қадағалап отырғанын, алайда АҚШ тарапынан нақты шара әлі белгісіз екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта ықтимал шаралардың қолдану параметрлері әлі нақты белгісіз, осыған байланысты Министрлік әртүрлі даму сценарийлерін бағалауда», – деп хабарлады сауда министрлігі.

Министрлік Қазақстанның халықаралық сауда-экономикалық міндеттемені дәйекті түрде орындайтынын және сыртқы экономикалық саясатта салмақты және прагматикалық көзқарасты ұстанатынын атап өтті.

Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен байланыс орнатқан елдерге қосымша баж салығын енгізетінін ескертті.

«Бүгіннен бастап Иран Ислам Республикасымен кәсіп жүргізетін кез келген ел АҚШ-пен іскерлік операциясы үшін 25% көлемінде баж салығын төлейді. Жарлық өзгермейді, бұлжытпай орындалады», – деп жазды Трамп.

Алайда Трамп Иранның достарына осындай ескерту жасағанымен, ешбір елді атап көрсеткен жоқ. Қытай Иранның басты сауда әріптестерінің бірі екені мәлім.

Вашингтон қысымды үдете түскенімен, Тегеран Ақ үйді келіссөз жүргізуге шақырып отыр.

Бұл уақытта, Иранда 2025 жылғы 28 желтоқсанында басталған халық көтерілісі барысында кем дегенде 512 адам қаза тапты. Мәліметті бас кеңсесі АҚШ-та орналасқан HRANA адам құқықтарын қорғаушы ұйым таратты.

Сондай-ақ оқыңыз