Назарбаев Зияткерлік мектептеріне eGov.kz арқылы құжат тапсыруға болады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
НИШ
Құжат тапсырған кезде ақы төлеудің қажеті жоқ/фото: Shutterstock

Назарбаев Зияткерлік мектептеріне оқуға түсу үшін өтінішті енді eGov.kz порталында беруге болады. Сондай-ақ қызмет eGov mobile мобильді қосымшасында да қолжетімді.

Өтінішті онлайн түрде 6-сыныпта оқитын балалардың ата-анасы немесе заңды өкілі бере алады.

Құжаттар 2026 жылдың 9 ақпанына дейін қабылданады.

Конкурс 7-сыныпқа қабылдау үшін ғана өткізіледі. Оған жалпы білім беретін ұйымдардың 6-сыныбында оқып жатқан оқушылар қатысады. Қазір 7-9 сыныпта оқып жатқан оқушылар, бұрын өтініш тапсырған немесе қолданыстағы рұқсаттамасы бар үміткерлер конкурсқа қатыса алмайды.

Айта кетейік, құжатты офлайн форматта Назарбаев Зияткерлік мектептері филиалдарының қабылдау комиссиялары арқылы да тапсыруға болады.

Ақы төлеудің қажеті жоқ

Құжат тапсырғаны үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Баланың жеке басын куәландыратын құжаттар мен туу туралы куәлік мемлекеттік ақпараттық жүйеден автоматты түрде жүктеледі.

Ал бала Қазақстанда оқымаған болса, үлгерімін дәлелдейтін құжатты жүктеу қажет.

Құжатты онлайн тапсыру үшін не істеу керек

  • Алдымен eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» – «Білім беру» – «Орта білім» бөлімдеріне өту қажет;
  • «Қазақстан Республикасы президентінің «Өркен» білім беру гранты конкурсына құжаттарды қабылдау» қызметін таңдайсыз;
  • өтінімді толтырып, қажетті құжаттарды қоса тіркейсіз;
  • сұранымды қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растайсыз;
  • жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде) көрсетілген мерзім ішінде келетін өтінімнің өңделуі туралы хабарламамен танысу қажет.

Назарбаев Зияткерлік мектептері (NIS) – Қазақстанның тұңғыш президенті бастамасымен құрылған физика-математика және химия-биология бағытындағы мектептер желісі. Қазір республика бойынша 20-дан астам осындай мектеп бар.

Сондай-ақ оқыңыз