Курчатов қаласындағы ЖЭС-ті миллиардер Владимир Кимге тиесілі компания сала ма

Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын жаңа жылу электр станциясын салатын компания белгілі болды. Тиісті тендердің жеңімпазы ретінде «ГРЭС Курчатов» ЖШС танылған.
E-gov дерегіне сәйкес, компанияның құрылтайшысы – Темірлан Өтегенов. Ол сонымен қатар Kazakmys Energy ЖШС-ның бас директоры қызметін атқарады. Бұл компания Kazakhmys Power Projects B.V. құрылымына кіреді және бұған дейін «Қазақмыс» тобының энергетикалық активтерімен байланысты болған.
Сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың жазуынша, «Қазақмыстың» жаңа иесі Нұрлан Артықбаевқа энергия өндіруші ұйымдар өтпеген. Осыған байланысты Курчатовтағы жаңа ЖЭС құрылысы бұрынғы акционер Владимир Кимнің бақылауында қалған немесе энергетикалық активтер жаңа иесіне берілген болуы мүмкін. Жобаның болжамды құны 750 млрд теңгеден асады.
Аталған тендерге екі компания қатысқан. Алайда хаттамада қатысушылардың тарифтік ұсыныстары көрсетілмеген. Сонымен қатар, бекітілген шекті жеке тариф 1 МВт үшін айына 23,2 млн теңгені құрайды және ол 5 жыл мерзімге белгіленген.
Курчатов қаласындағы жаңа жылу орталығын салуға тендер 2025 жылдың қазан айында жарияланған.