«Мұнда келудің қажеті жоқ»: Қошанов сауда вице-министріне қатаң ескерту жасады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Мәжілісте Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі өзара сауда мәселелері талқыланып жатыр. Депутаттардың сұрақтарына дұрыс жауап бере алмаған Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан ескерту естіді.

Айдар Әбілдабеков сұрақ-жауап барысында бір сұрақты жөнді түсінбей, екіншісіне дұрыс жауап бере алмай тосылды. Депутат Ерболат Саурықовтың кезегі келгенде, «ЕАЭО ішкі келісімдері бойынша верификациялаушы органның талаптары бойынша құжаттарды ұсынбаған жағдайда тараптарда қандай да бір жауапкершілік көзделген бе» деп сұрады. Алайда бұл сұраққа да Айдар Әбілдабеков жауап бере алмай, кейін жазбаша жауап жолдайтынын айтты. Осы кезде сөзге араласқан Ерлан Қошанов вице-министрге ескерту жасады.

«Министр қазір шетелде іссапарда жүр. Сіз министрдің міндетін атқарушысыз. Сондықтан бұл жерде депутаттардың қойып жатқан сұрақтары – заң жобасының аясында ғана. Бұл сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз ғой. Оған қалай жауап бере алмайсыз? Бұл сұраққа «мен куратор емеспін» дейсіз. Бұл жерге келген министрліктің өкілі барлық сұраққа жауап беруі керек. Әйтпесе, бұл жерге келудің қажеті жоқ. Басқа вице-министр келуі керек. Сіздің күрсінісіңізді біз жауап деп қабылдай алмаймыз», – деді ол.

Мәжіліс отырысы жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз