Пойызға пышақ алып кірген жолаушы қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
купе пойыз
фото: shutterstock

Енді пойызға пышақ секілді суық қару алып өткен жолаушылар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы Kursiv.Media «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлайды.

Пойызда не алып жүруге болмайды?

«Жолаушылар тасымалы» мекемесі теміржол көлігінде тасымалдауға тыйым салынған заттарды атап, тәртіп бұзғандар жауапқа тартылатынын ескертті.

Пойызға мына заттарды алып өтуге болмайды:

●     Жарылғыш заттар мен құрылғылар. Сонымен бірге пиротехникалық бұйымдар: салюттер, фейерверктер және жарылыс қаупі бар өзге де заттар;
●     Радиоактивті, есірткілік және психотроптық заттар. Бұған қоса тез тұтанатын сұйықтықтар мен химиялық қоспалар: мысалы, бензин, метил эфирі, метанол және сол сияқты қауіпті заттар;
●     Тұтанғыш қатты заттар. Улы, күшті әсер ететін және уландырғыш заттар (сұйық немесе қатты күйде);
●      Инфекциялық немесе биологиялық тұрғыдан қауіпті материалдар: жұқпалы ауру тудыруы мүмкін заттар мен оларды қамтитын бұйымдар;
●     Барлық түрдегі қару-жарақ: атыс қаруы, лақтырмалы, электрлі, механикалық, газды және жарақаттайтын қару. Сонымен бірге суық қару: пышақтар, қанжарлар, штык, қылыш, палаш, ятаган, тесаки, кастет, кистень, стилет, шашка, семсер және соққы жасауға ыңғайлы өзге де заттар;
●      Оқ-дәрілер мен патрондар: соғысқа арналған, жарық-дыбыс, жарақаттайтын әсері бар, аңшы оғы және басқа да атуға жарамды снарядтар.

Жолаушыларды тексереді

ҚТЖ мәліметінше, сапар алдында жолаушыларды вокзалда міндетті түрде тексереді.

«Ірі теміржол вокзалдары рентген-телевизиялық қондырғылармен, детекторлармен, сонымен бірге портативті анықтау құрылғыларымен толық жабдықталған», – деп таратты ұлттық компания.

Бұған қоса, бейнебақылау, дабыл беру және күзет жүйелері үздіксіз жұмыс істейді. Жолаушылар қауіпсіздігін тәулік бойы полиция қызметкерлері мен күзет ұйымдарының өкілдері қамтамасыз етеді.

Қазір ҚТЖ пойыздарға камералар орнатып жатыр. Мекеме дерегінше, Тальго пойыздарының 630 вагонына 1 350 бейнекамера орнатылған.

Компания жолаушыларға ереже сақтауға, қауіпсіздік тәртібіне түсіністікпен қарауға кеңес берді.

Сондай-ақ оқыңыз