Қостанай облысындағы мемориалды қабырғадан Нүкенованың аты жазылған тақта алынды

Қостанай облысындағы мемориалды қабырғадан марқұм Салтанат Нүкенованың аты жазылған тақта алынды. Бұл туралы журналист Вадим Курамшин жазды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Сөзінше, Нүкеноваға арнайы тақта орнатылғанын сынағаннан кейін, әкімдік мамандары хабарласқан. Олар тақтаның алынып тасталғанын айтқан.
«Маған хабарласқан кісінің айтуынша, пантеонның негізін қалаған Сапар Ысқақов есімді меценат, саяхатшы, тарихшы, өлкетанушы. Ол демеуші қаражатына осы пантеонды тұрғызған, мұнда, шын мәнінде, құрметке лайық, есімі ел жадында сақталуға тиіс адамдардың есімдері жазылған», – деді Курамшин.
Видео иесі меценат Ысқақовты келешекте мұндай шешім қабылдарда көпшіліктің пікірін білуге шақырды.
Мемориалды қабырға қайда орналасқан?
Бастапқыда Салтанат Нүкенованың есімі «Ұлттық жады қабырғасына» жазылғаны, оның Қазақстан тарихына ықпал еткен тұлғалар қатарына енгізілгені айтылды.
Амангелді ауданы әкімдігі мұны жоққа шығарды. Ресми ақпарат бойынша Нүкенованың аты жазылған тақта «Ұлттық жады қабырғасына» қатысы жоқ жабық нысанға қойылған. Ол жекеменшік қайырымдылық қорына тиесілі.
Салтанат Нүкенованың қазасы
2024 жылдың мамырында Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталды. Ал туысы Бақытжан Байжанов төрт жылға бас бостандығынан айырылды.