«Шевронның» мүмкіндігін пайдалану керек – Сарым КҚК-ға шабуылды тоқтату жолын атады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Каспий құбыр консорциумы мұнай айдайтын құрылғы
Фото: КҚК, бильд-редактор: Денис Андреев

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қазақстан мұнайын таситын танкерлерге жасалған шабуылдан кейін Украина тарапымен дипломатиялық бағытта жұмыс жүргізу керек деп мәлім етті.

Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген депутат Каспий құбыры концорциумы акционерлерінің бірі – АҚШ-тың алпауыт «Шеврон» компаниясы екенін атап өтті. Айдос Сарым Украина қазіргі соғыс жағдайында АҚШ пен Еуропа елдеріне тәуелді екенін айтты.

«Украина қаржылық және қару-жарақ жағынан көмектерге тәуелді. Осыны ескеру керек. «Шеврон» өте белсенді компания. Оның лоббистік мүмкіндіктері өте жоғары. Конгресс пен сенаттың демеушісі. Осының бәрін ескере келе «Шевронның» мүмкіндігін пайдалану керек сияқты. «Сіздер өз үкіметтеріңізге айтып, Украинаға біздің концорциумның мекемелері мен мүлкіне шабуыл жасамасын» деп…», – дейді ол.

Айдос Сарым Қазақстан тарапы да «Шевронмен» келіссөз жүргізу керек деп санайды.

Энергетика министрлігі Қара теңіз акваториясында Қазақстанның экспорттық мұнайын тасымалдаған екі танкерге жасалған шабуылға қатысты кеше мәлімдеме жасаған еді.

Ведомствоның хабарлауынша, 13 қаңтарда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында Мальта туымен жүзетін Matilda танкері ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылына ұшыраған. Аталған кеме «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы арқылы жалға алынған. Либерия туымен жүрген Delta Harmony танкері де жүктеу жұмыстарына дайындық кезеңінде ұшқышсыз ұшу аппараты шабуылына ұшырағаны расталды.

Екі оқиғаның салдарынан зардап шеккендер жоқ. Delta Harmony-да өрт болған, ал Matilda-да өрт шықпаған. Алдын ала техникалық бағалау нәтижесі бойынша танкердің теңізде жүзу қабілеті сақталған. Ақпаратқа сүйенсек, экспорттық ресурсқа зиян келмеген.

Сондай-ақ оқыңыз