Электрондық журнал мәселесінде оқушы мүддесі жоғары тұруы керек – Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Kundelik пен BilimClass компанияларының арасындағы текетіреске қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, бұл дауда бала мен мұғалім мүддесін ұмытпау керек.
«Әрине, түсінікті, ол – бизнес. Әрине, әр компанияның өз мүддесі бар. Бірақ мен тағы да айтамын. Бірінші орында баланың мүддесі болуы керек. Баланың артында ата-анасы да тұр. Екіншіден, мұғалімдердің де, мектептің де мүддесі. Өйткені оның барлығы ақпарат қой. Жаңа жүйе болатын болса, әлде көшетін болса, мұғалімдер бүкіл ақпаратты жүйеге қолмен отырып енгізбейтіндей жағдай болуы керек», – деді ол.
Депутат сөзінше, белгілі бір компанияның өніміне басымдық беру қиын, мәселе сот арқылы шешілуі керек.
«Сондықтан мен мына компаниянікі дұрыс деп нақты айта алмаймын, өйткені ол дұрыс та емес. Екеуінің жұмысы соттың, заңның шеңберінде шешілуі керек. Бірақ баланың, мұғалімнің және мемлекеттік мүддесі бірінші орында тұруы керек», – деп атап өтеді Аймағамбетов.
Еске салайық, осы жылдың басында Алматыдағы барлық мектеп BilimClass электронды журналына көшеді деген жаңалық тарады. Неге платформаны ауыстырып жатқаны белгісіз.
Бұған дейін Kundelik сайтындағы жеке деректердің тарағаны туралы ақпарат тараған. Бірақ компания бұл ақпаратты жоққа шығарды.