Делдалдарға алданбаңыз: банктер халықтың кредиті кешіріліп жатқанын жоққа шығарды

Әлеуметтік желілерде «кредитті есептен шығарып береміз» деп уәде ететін делдалдар көбейген тұста, қазақстандық банктер дабыл қақты. Қаржы ұйымдары мұндай уәделерге сенбей, делдалдарға ақша бермей, барлық ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырып отыр. Бұл туралы банктер Kursiv.Mediа сауалына берген ресми жауабында мәлімдеген.
ForteBank әлеуметтік желілерде тараған кредиттік берешекті жаппай есептен шығару туралы ақпарат шындыққа сай келмейтінін хабарлады. Банктің мәліметінше, берешекті есептен шығару мәселесі Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында әр қарыз алушы бойынша жеке қаралады.
Егер банк тарапынан қандай да бір акциялар немесе арнайы бағдарламалар болса, ол туралы қарыз алушыларға тек ресми арналар арқылы тікелей хабарланады.
Bereke Bank те өз жауабында маңызды жайтты атап өтті: кредит бойынша мерзімі өткен берешектің болуы, тіпті ұзақ уақыт бойы төлем жасалмаған күннің өзінде, қарыз алушының банк алдындағы міндеттемесі автоматты түрде тоқтатылмайды. Әрбір өтініш жеке тәртіппен қаралып, қарыз алушының нақты жағдайы, қаржылық мүмкіндігі және міндеттеменің сипаты жан-жақты бағаланады.
Банктің түсіндіруінше, кредит берешегі тек ерекше жағдайларда және заңнамада көзделген негіздер бойынша есептен шығарылуы мүмкін.
Мұндай жағдайларға жеке тұлғаның банкрот деп танылуы, соттың заңды күшіне енген шешімінің ұсынылуы (егер кредиттің алаяқтық жолмен рәсімделгені анықталса), сондай-ақ заңда қарастырылған өзге де негіздер жатады.
Өтініш берілетін уәкілетті орган әр қарыз алушының жағдайына байланысты айқындалады. Мысалы, банкроттық рәсімін бастау үшін сотқа немесе уәкілетті органға жүгіну қажет, ал алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттер бойынша құқық қорғау органдарына арыз беріледі.
Nurbank таратқан хабарламада:
«Кредиттердің есептен шығарылуы туралы ақпарат – жалған. Ресми дереккөзге ғана сеніп, «мәселені шешіп береміз» деп уәде ететін делдалдарға жүгінбеулеріңізді сұраймыз. Жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделген», – делінген.
Осыған ұқсас мәлімдемелерді басқа да банктер әлеуметтік желілерінде жариялады.
Қаржы нарығын реттеуші де ешқандай кредит кешіру науқаны жарияланбағанын атап өткен.
Әлеуметтік желілерде өздерін «ипотекалық брокер», қаржы маманы атайтын кісілер кредит кешіруге өтініш тастау қызметін ұсынады. Олар бұл қызметі үшін 10-20 мың тең теңге сұрайды. Бірақ несиенің кешірілетініне кепілдік бермейді.