Теміртауда қақаған аязда жүздеген адам жылусыз қалды

Қарағанды облысында ауа райының нашарлауы өңірдегі жағдайды қиындатты. Теміртау қаласында жүздеген адам жылусыз қалды. Бұған тұрғын аудандарға жылу беретін магистральдық жылу трассасындағы апат себеп болған.
8-ші шағын аудандағы 40-қа жуық көпқабатты үй және Отрадное кентіндегі ондаған жеке үйге жылу жеткізу тоқтаған. Бірнеше бизнес нысандары мен әлеуметтік нысандарда да жылу уақытша өшкен.
Теміртау әкімі Ғалым Әшімовтің айтуынша, апат болған құбырлар бөлігі өте ескі. Бұл учаске 1970-ші жылдардан бері күрделі жөндеуден өтпеген болып шықты.
«Апат болған учаске анықталды, мамандар қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Бригадалар жұмыс істеп жатыр, барлық қажетті күштер мен техника жұмылдырылды», – деп жазды әкім ахуал туралы.
Соңғы мәліметтер бойынша, қазіргі уақытта Теміртаудағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды, қазір трассаға су толтырылуда. Бірақ жылудың тұрғын үйлергі жетуі үшін біраз уақыт қажет.