Ораза-2026: ауыз бекітуге дайындық қалай жасалуы керек

Рамазан айының басталуына бір айға жуық уақыт қалды. Демек, нағыз дайындыққа кірісетін кез келді деген сөз. Бір ай бойы ауыз бекітіп, жасаған құлшылығыңыз қабыл болуы үшін тамақтан бас тарту аздық етеді. Ағзаға жеңіл болуын ғана ойламай, саналы түрде ораза ұстау үшін білуіңіз керек дүниелер бар. Kursiv.Media тілшісі Рамазанға дайындалуға көмектесетін гайд әзірледі.
2026 жылы ораза қашан басталады?
Астрономиялық есептерге сүйенсек, биыл ораза 19 ақпан басталып, наурыздың 20-жұлдызына дейін жалғасады. ҚМДБ жариялаған діни күндер кестесіндегі ақпарат осындай. Хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтерге сүйене отырып жасалады. Пәтуа бөлімінің мамандары діни мерекелердің нақты күні жаңа айдың көрінуіне байланысты бір күн шегеріліп немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертеді.
Дайындықты неден бастау керек?
Рамазан айы диета ұстайтын емес, жанды тазартатын, құлшылық жасайтын уақыт. Осыны ең бірінші кезекте ескеру керек. Яғни ауыз бекітемін деген адам алдымен ниетін туралап, оразаның түпкі мән-мақсатын шын түсінуден бастағаны абзал. Сондықтан не үшін ораза ұстағыңыз келетінін жақсылап ойланыңыз. Рамазан айы жайлы көбірек ақпарат алыңыз. Неғұрлым мол мәлімет білсеңіз, ниетіңізді, құлшынысыңызды арттыруға мүмкіндік соғұрлым артады.
Одан соң бір ай бойы немен айналысатыныңызды, қалай өткізетініңізді жоспарлап, жүйелеуге кіріссеңіз болады. Мәселен көп Құран оқу, жаман әдеттерден арылу дегендей рухани мақсаттар қоя аласыз. Сонымен бірге өміріңізді жақсы жаққа өзгертетін амалдарды да тізіп, өзгермекке ниет етсеңіз болады. Не үшін ниетті ораза басталмас бұрын реттеген дұрыс десеңіз, Ислам ғалымдары «саналы түрде ниет еткен адамның бойында стресс аз болады, сондықтан ауыз бекіту де жеңілдейді» деп жауап береді.
Ағзаны оразаға қалай дайындаймыз?
Ораза адам ағзасына оңай тимейді. Әсіресе, алғашқы күндері қиналуыңыз мүмкін. Қарныңыз ашып, шөлдеп, әлсіреуіңіз ғажап емес. Әдеттегі қалыпты режимді өзгерту оңай болмағандықтан, бастапқыда осылай қиын болады. Ас-судан бірден бас тартып, таң атқаннан кеш батқанға дейін нәр татпау ағзаға әжептәуір стресс әкеледі. Сондықтан бұған дайындалған жақсы. Мысалы Рамазан басталардан 2-3 апта бұрын кофе, шай, қантты мейлінше азайтқан абзал. Оған қоса, ыстық тамақтың да порциясын біртіндеп азайта беріңіз. Ұйқыңызды да реттеңіз. Қарын ашты екен деп түнде тамақ жегенді доғарыңыз.
Медициналық зерттеулерге сүйенсек, күнде кофе ішіп үйренген адамға аяқ-асты кофеиннен бас тарту қиынға соғады. Соның кесірінен оразада басыңыз ауыруы мүмкін. Ең дұрысы – ақырындап азайту. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ауыз бекітерден біраз уақыт бұрын дұрыс тамақ ішіп әдеттенсеңіз, қандағы қант деңгейі аяқ-асты көтеріліп кетпейтін болады әрі ағзаға су жеткіліксіз болып құрғамайды екен.
Ұйқы мен күн тәртібін дұрыс реттеудің жолы
Рамазан айы келгенде көпшілігінде ұйқы режимі өзгереді. Өйткені таңда ауыз бекітуге ерте тұрады, түнде құлшылықтарға уақыт арнаймын деп кеш ұйықтайды. Сондықтан бұған да ертерек дайындық бастаған дұрыс. Қыста ораза ұстаған салыстырмалы түрде жеңіл. Себебі күн қысқа болғасын тез қараңғы батады, ерте ұйықтап, таң намазынан әлдеқайда ертерек тұрып құлшылықтарға көңіл бөле аласыз. Мәселен қазір қыс мезгілі, оған қоса уақыт ауысқалы кешкі жетілер шамасында құптан кіреді. Демек, түнгі намаздан кейін ертерек ұйықтап алуға болады.
Ал таң намазы алтыдан аса кіретінін ескерсек, одан бұрын оянып алуға мүмкіндік мол. Оған қоса, күндіз көз шырымын алып, жарты сағаттай тынығып алсаңыз да болады. Тағы бір лайфхак: телефонға телміріп өткізетін экран уақытын да шектеңіз. Зерттеулерге қарасақ, белгілі бір режимге оңай бейімделу үшін кемінде 1-2 апта бұрын біртіндеп енгізіп бастау керек дейді.
Жұмыс пен тұрмысты қалай жоспарлаймыз?
Ораза деп ауызашарға неше түрлі ас істеуге тырысып, өзіңізді қатты шаршатып жібермеңіз. Ифтарды әдемі рәсім ретінде балаларға көрсеткіңіз келсе, дұрыс-ақ. Бірақ шектен шықпағаныңыз абзал. Сонымен қатар аса шұғыл емес кездесу, жұмыстарды қысқартыңыз. Көп энергия алатын жобалар мен тірліктерді түске дейін тәмамдауға тырысыңыз. Ауызашарға арналған мәзірді бір айға алдын-ала жоспарлап қойыңыз. Жартылай дайын өнімдерді қолдан жасайтын болсаңыз, ертерек кірісіп әзірлеңіз. Сонда оразада уақытыңыз көбірек болады.
Психологиялық дайындық қалай жасалуы керек?
Ораза ұстаған адам көбіне сезімтал болып кетеді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Мұндайда өзіңізге көмектесе аласыз. Мысалы лентаға скроллиң жасап, жаңалық оқуды азайтсаңыз болады. Әлеуметтік желіде өткізетін уақытта да шектеңіз. Оның орнына рухани дамытатын, иманыңызды арттыратын амалдарды көбірек істеңіз. Дұға жаттауға, зікір айтуға уақыт бөліңіз. Көп жұмыс істеймін деп жоспарламаңыз. Психологтар өміріңізді саналы түрде баяулатып, асықпай-аптықпай жүремін деп бекінсеңіз, кортизол яки стресс гормоны азайып, эмоциялық күйіңіз жақсарады дейді.
Бала-шағаға ораза туралы қалай түсіндіреміз?
Егер үйіңізде бала болса, оларға Рамазан айының ғажабы туралы дұрыстап түсіндіру маңызды. Бастысы, ешқандай қысым болмауға тиіс. Ал енді қалай қызықтыруға, жақындатуға болатынына келсек. Ауызашарға дайындықты бірге жасаңыздар. Сізге көмектессін. Бұл айдың мұсылмандарға маңызы қарапайым тілде түсіндіріңіз. Оразаның аурасы ерекше болатынын бала бірінші кезекте өз отбасында сезінгені абзал. Яғни бала ауыз бекітудің тыйым емес, жақсылыққа апарар жол екенін білуі керек. Өзіңіз бірінші үлгі болыңыз.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ораза жасалуға тиіс амалдар туралы жазған едік.