Volkswagen Toyota Camry-ге бәсекелес – Magotan PHEV моделін таныстырды

Volkswagen Қытай автомобиль нарығының талаптарына бейімделуін жалғастырып келеді. Бұған дейін бензинді Magotan моделі бұл елде Toyota Camry-дің тікелей бәсекелесі ретінде ұсынылып келген еді. Енді неміс өндірушісі осы седанның гибридті нұсқасын – Magotan PHEV-ті таныстырды. Жаңа модель формальды түрде ғана жасалған жоба емес. Керісінше, оның техникалық сипаттамалары айтарлықтай жоғары деңгейде. Бұл туралы Carnewschina басылымы хабарлады.
Капоттың астында 1,5 литрлік турбомотор мен электрқозғалтқыш орналасқан. Жалпы қуаты – 321 ат күші, бұл көптеген гибридті «Камрилерге» қарағанда айтарлықтай жоғары. 22 кВт·сағ сыйымдылықтағы батарея Қытайдың CLTC циклі бойынша 127 км-ге дейін таза электр қуатымен жүруге мүмкіндік береді. Қала ішіндегі қатынас үшін бұл артығымен жеткілікті.

Сыртқы келбетіне келсек, гибридті Volkswagen кәдімгі нұсқасынан аса ерекшеленбейді. Пропорциялары сол күйі сақталған, таныс силуэт, тек көк түсті акценттер мен PHEV белгішелері бар. Көздің жауын алатындай дизайн жоқ, бәрі немісше жинақы әрі ұстамды.

Өлшемдері жағынан бұл – толыққанды бизнес-класс седан. Ұзындығы шамамен 5 метрге жуық, ал дөңгелек базасы 2,87 метрдің айналасында.
Тағы бір маңызды жайт бар. Magotan PHEV – FAW-Volkswagen концернінің ауқымды даму жоспарының бір бөлігі. Компания 2026 жылға дейін Қытай нарығында 20-дан астам электр жаңа модельді шығаруды көздеп отыр. Ал гибридті седан толықтай электрлі көлікке көшуге әлі дайын емес, тұтынушылар үшін сенімді әрі үйреншікті таңдау ретінде ұсынылып отыр.
Еске салайық, Volkswagen жүргізушілердің сын-ескертпелерін ескеріп, ыңғайсыз сенсорлардан бас тартып, классикалық дизайнға қайта оралуға шешім қабылдады. Жаңа электрлі ID. Polo моделі соның алғашқы дәлелі.