МӘМС қаражатын жымқырған клиника басшысы Испаниядан зәулім үй сатып алған

Астанадағы екі жеке клиниканың басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 682 млн теңге ұрлады деп күдікке ілінді. Ол осы ақшаға Испаниядан вилла сатып алған.
Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, 2022 жылы клиникалар мен қор арасында жалпы сомасы 2,4 млрд теңге болатын медициналық қызмет көрсету келісімі жасалған, оның ішінде мобильді медициналық пойыз қызметтері де бар.
Клиникалардың басшысы алаяқтық схемасын ұйымдастырған. Пациенттердің, шын мәнінде, медициналық көмек алмағанына қарамастан, ақпараттық жүйеге жалған деректер енгізілген, оларға жалған диагноз бен көрсетілген қызметтер тіркелген.
Осылайша медициналық мекеме басшылары қордан заңсыз жолмен 682 млн теңге түсірген. Соның 364 млн теңгесі басшы мен жұбайының шотына аударылған.
Қазіргі уақытта клиника басшысы қамауға алынды. Сот шешімімен оның мүлкіне, соның ішінде Испаниядағы зәулім үйі, Астанадағы пәтері және көлігіне тыйым салынды.
Бұған дейін Астанада көпбалалы отбасыларға берілуге тиіс 170 пәтерді заңсыз иеленбек болғандар ұсталған.