Алматыда метро құрылысы үшін үш ауданда үйлер сүріледі

Алматыда жаңа метро желісінің құрылысы басталады. Осыған байланысты жаңа станциялар үшін жер телімдері сатып алынып, бірқатар үйлер сүрілетін болады. Сүрілетін ғимараттар Алмалы, Медеу және Түрксіб аудандарында орналасқан. Бұл туралы Kursiv.Media krisha.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа метро желісінің бағыты
Жаңа желі «Жібек Жолы» станциясынан басталып (Панфилов көшесі, Жібек Жолы мен Гоголь көшелерінің арасында), соңғы станция Алматы әуежайының жанында орналасады.
Метро желісі Гоголь көшесі бойымен Орталық парк, содан кейін Шығыс айналма автокөлік жолы және Құлжа трактісі арқылы әуежайға дейін өтеді.
Алматыдағы жаңа метро желісінде сегіз станцияның құрылысы жоспарланып отыр.
Олар:
- «Жібек Жолы» (бірінші желімен байланысы бар),
- Орталық мәдениет және демалыс паркі ауданы,
- Құмай көшесі мен Шығыс айналма автокөлік жолының қиылысы,
- «Халық Арена» спорт кешені,
- «Шығыс» тасымал ауысу орталығы («Жетісу» базарына қарама-қарсы),
- «Апорт-2» сауда орталығы,
- Нұршашқан шағын ауданы,
- Әуежай жанындағы соңғы станция.
Желінің жалпы ұзындығы-14 шақырым, ол толығымен жерасты болады.
Үйлер сүрілгенде меншік иелеріне өтемақы беріледі
Меншік иелеріне өтемақы төленеді, яғни жер учаскелері мен ғимараттар нарықтық бағамен есептеледі.
Алматыда мемлекеттік қажеттіліктерге жер учаскелерін сатып алу мәселелерімен «Қала жер орталығы» басқармасы айналысады.
Еске салайық, Алматыда «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Станция 2026 жылдың алғашы жартыжылдығының соңына қарай, яғни мамыр немесе маусым айында ашылады.