Желідегі агрессивті жарнама қауіпті деңгейге жетті – депутат дабыл қақты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: shutterstock

Сенатор Геннадий Шиповских әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнаманың күшейіп бара жатқаны туралы мәселе көтеріп, Үкіметке сауал жолдады.

Сенатордың сөзінше, соңғы жылдары әлеуметтік желідегі жарнаманың көлемі ғана емес, шабуылдық сипаты да күрт өскен. Әсіресе, блогерлер мен инфлюенсерлер, танымал мәдениет және спорт қайраткерлері арқылы тауарлар мен қызметтер және «инвестициялық жобалар» алға басып барады. Өйткені олардың пікіріне көптеген пайдаланушылар сенім артады. Мұндай жарнама азаматтардың ақша жөнінде шешім қабылдауына, олардың тұтыну барысындағы таңдауына және тіпті денсаулық жағдайына тікелей әсер етеді.

Сенатордың айтуынша, әлеуметтік желілер арқылы жарнамалар мен қаржылық жобаларға қатысуға шақырулар жиі таратылуда. Олар тексере келгенде, қаржы пирамидасы болып шығады. Күмәнді инвестициялық және құрылыс жобалары, сапасыз немесе тіпті денсаулыққа қауіпті тауарлар да жарнамаланады.

«Әлеуметтік желілерде азаматтардың еркінен тыс есірткіге, жезөкшелікке, онлайн-казиноға, порнографиялық сипаттағы контентке немесе жасанды интелект арқылы танымал тұлғалардың бейнесімен акция сату сынды жарнамалардың шыға беруі. Әлеуметтік желіде бір рилс көріп отырған адам аяқ астынан осындай контентке тап болады. Мұндай жағдайда мемлекет жүргізіп жатқан алдын алу, тәрбие және түсіндіру жұмыстарының тиімділігі қаншалықты болмақ? Бұл күрес «тесік шелекке су құйғанмен» бірдей болып қалмай ма?», – деді Геннадий Шиповских.

Сенатор дәрігерлік білімі жоқ адамдардың медициналық дәрі-дәрмекті, салмақ азайтуға арналған құралдар мен иммунитетті арттыруға арналған қоспаларды әлеуметтік желілер арқылы тарату туралы жарнамаға да назар аударды. Мұндай өнімдер көбінесе «табиғи» және «қауіпсіз» деп айтылады, ал денсаулыққа зияны үшін жауапкершілік мәселелері реттелмеген күйінде қалуда.

«Meta, TikTok және өзге де платформалармен бірлесіп, Қазақстан аумағында тыйым салынған және қоғамға қауіпті жарнамалардың алгоритм арқылы таралуына жол бермеу бойынша нақты келісімдерге қол жеткізуді ұсынамын. Есірткі, жезөкшелік, онлайн-казино және порнографиялық сипаттағы пайда болатын жарнамалардың таралуын автоматты түрде анықтап, жедел бұғаттайтын нақты бақылау механизмдерін енгізу керек», – деді сенатор.

Сенатордың сөзінше, медициналық білімі жоқ тұлғалардың адам денсаулығына тікелей әсер ететін өнімдерді жарнамалауына шектеу қою керек. Сонымен бірге жарнамалаған тұлғаның да жауапкершілігін қарастыру керек.

Сондай-ақ оқыңыз