Қазақстанда діни сұрақтарға жауап беретін Imam AI жасанды интеллекті жасалады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасанды интеллект негізінде дәлелденген және сенімді көздерге сүйене отырып, діни сұрақтарға жедел жауап беретін «Imam AI» мобильді қосымшасын әзірлеп, іске қосуға ниетті.
Мүфтият таратқан ақпаратқа сүйенсек, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылға арналған бағдарламалық баяндама таныстырып, осы жаңалықпен бөліскен.
Оның айтуынша, дін саласында жасанды интеллект технологияларын енгізу уақыт талабына сәйкес және халықпен байланыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Жасанды интеллекттің көмегімен діни сұрақтарға жауап беретін арнайы мобильді қосымшаны әзірлеу қажет. Мұндай қосымша халықтың күнделікті өмірде туындайтын діни сұрақтарына лезде жауап алуға, ең бастысы сенімді, тексерілген дереккөздерге негізделген дұрыс мәліметке қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.
Бас мүфтидің сөзінше, қосымшаның басты артықшылығы тек дәлелденген діни дереккөздерге негізделген сенімді ақпаратқа қол жеткізу болады.
Айта кетейік, осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Қазақстанда Жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын.