КҚК арқылы экспорт шектеліп, қазақ мұнайы басқа бағыттарға жөнелтілді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
мұнай танкері танкер
фото: ҚазМұнайГаз

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспорт шектелген соң, 2025 жылғы желтоқсанда «ҚазМұнайГаз» компаниясы шамамен 300 мың тонна мұнайды басқа бағыттарға жөнелтті. Бұл туралы Kursiv.Media ұлттық компания мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Консорциум инфрақұрылымы былтыр қарашаның аяғында дрондар шабуылына ұшырап, қазақ мұнайын Батысқа экспорттау күрт кеміді. Соған байланысты Қазақстан КҚК-ге балама жолдар іздестіруге мәжбүр болды.

Атап айтқанда, қазақ мұнайы «ҚазТрансОйл» жүйесі арқылы басқа да жолдармен экспортталып жатыр.

«Шамамен 300 мың тонна мұнай көлемі ҚТО жүйесі бойынша экспорттық бағдарлар, соның ішінде Германия, Қытай, Баку-Тбилиси-Жейхан, Новороссийск және Усть-Луга порттары арқылы жеткізу үшін қайта бағытталды», – деп хабарлады ҚМГ.

2026 жылғы қаңтарда да КҚК-дегі жағдай өзгере қоймаған. Соған байланысты ұлттық компания «мұнайды қайта бағыттау жұмыстары жалғасатынын» мәлімдеп отыр.

ҚМГ үш түрлі қосымша бағытты атады. Олар:

  • 2025 жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстан мұнайын Германияға (Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына) жеткізу бойынша өсу динамикасы байқалады. Тасымалдау көлемі 2,1 млн тоннаны құрады. 2026 жылы 2,5 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп жоспарланған.
  • Ақтау портынан Баку-Тбилиси-Жейхан бағдары бойынша қазақстандық мұнайдың 1,3 млн тоннасы тасымалданды. 2026 жылдың болжамды көлемі – 1,6 млн тоннаға дейін.
  • Қазақстан мұнайы Қытайға тұрақты түрде тасымалданып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚХР-ға 1,1 млн тонна мұнай экспортталды.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 27 қарашада дрондар консорциум терминалын атқылап, танкерлерден мұнай тиейтін үш құрылғының екеуі жарамсыз болып қалған. Қазақстан қымбат құрылғыларды БАӘ-ден сатып алғанымен, оларды Ресейге жеткізе алмай жатыр. КҚК арқылы республикада өндірілетін мұнайдың 80%-ы батысқа экспортталады.

Сондай-ақ оқыңыз