Дімкәс әкесін азаптаған Садақбаев 5 жылға түрмеге жабылды

Бүгін Түркістан облысы Жетісай аудандық соты Шардара ауданы Қоссейіт ауылында өз үйінде дімкәс әкесін қинап, азаптап ұрып-соққан Алмас Садақбаевты 5 жылға түрмеге жапты.
Сот өздігінен жүріп-тұра алмайтын қарт әкесін қинаған 41 жастағы Алмас Садақбаевты Қылмыстық кодекстің «Қинау» және «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Садақбаев жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Оның бұған дейін қамауда болған 1 күні бір жарым күнге есептелетін болды. Үкім шығаратын кезде сот оның кәмелет жасқа толмаған балалары барын, отбасының жалғыз асыраушысы екенін, бұрын-соңды сотты болмағанын ескерген.
Сотталушы мен жәбірленушінің өкілі деп танылған оның туған інісі Батыр Садақбаев сот үкімімен келісетіні, не келіспейтіні, апелляциялық шағым түсіретіні, не түсірмейтіні беймәлім.
Садақбаев бұған дейін жарыссөздегі соңғы сөзінде көз жасына ерік беріп, дүйім жұрттан кешірім сұраған. Ол өз әрекетін білмей жасағанын, шын өкінетінін және бұл үшін өзін-өзі кешірмейтінін жеткізген.
Сотталушы 70 жастағы зейнеттегі мүгедек әкесін қан-жоса етіп ұрып-соғып, азаптап жатқан видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап, жұртты шошытқан. Бұл әлеуметтік желіде кеңінен талқыланған. Көп өтпей Садақбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған. Тергеу дерегінше, қарт әкесінің дәретке өздігінен шыға алмайтынына ашуланып, оған күш қолданған. Қатігез әрекетті көрші үйдің қыздары жасырын видеоға түсірген.