Шымкентте 17 жастағы қыз өзін еркінен тыс алып қашып, зорлағанын мәлімдеді

Жарияланды
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде өзін 17 жастамын деп таныстырған Шымкент қаласының тұрғыны өзін Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны еркінен тыс алып қашқанын айтып, шағымданды.

Таратқан видеоға қарағанда, көліктен түсуге келіспей отырған қызды көруге болады. Әуелі айнала қоршаған әйелдер қызды көліктен түсіруге тырысады, ол қарсылық білдіріп айқайға салады. Көліктен түсірген соң әлдебір жігіт оны күштеп, үйіне көтеріп кіргізеді.

«Студентпін. Көпбалалы отбасынан шыққанмын. Мені бұрын-соңды көрмеген ер азамат алып қашты. Яғни мені жолдың бойында 3-4 бала болып, көлікке күштеп отырғызып белгісіз бағытта жол тартты. Мақсатын білгенімде үйленетінін айтты. Сөйтіп Сарыағаш ауданына алып барды. Үйіне келгенде туысқандары, жеңгелері орамалын алып жүгіріп жүрді. Отшашу атты. Камераға түсірген адам көп болды. Алып қашуды жоспарлағандарын сол кезде түсіндім», – дейді шағымданушы.

Оның сөзінше, алып қашушыларға кәмелет жасқа толмағанын ескерткен. Телефонын тартып алған. Күштеп орамал салған. Өз еркімен келгенін жазып беруді сұраған. Оған көнбеген соң қорқытып-үркіткен. Жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген.

«Дәстүріміз осындай, бұл үйден қыз болып шықпауың керек деді. Ары қарай оқуға бармайтынымды айтты. Жыныстық қатынасқа мәжбүрлі түрде түсірді. Зорлық-зомбылықтан кейін қандай хәлде болғаныма ешкім қарамады», – деді ол.

Қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты арыз түскенін, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Іске қатысы бар барлық тұлғалар полиция басқармасына жеткізілді.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде», – делінген полиция хабарламасында.

2025 жылғы 16 қыркүйекте Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп аталатын жаңа 125-1-бап енгізілді. Соны ереже азаматты еркінен тыс некеге тұрғызу немесе бірге тұру мақсатында ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады.

Сондай-ақ оқыңыз