Қазақстан азаматтығын алудың жаңа ережелері бекітілді

27 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтығын алу үшін өткізілетін тестілеудің жаңа ережелері күшіне енеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығында көрсетілген.
Бұрын азаматтық беру үшін адамның қазақ тілін қаншалықты білетініне назар аударылса, енді Конституция негіздерін түсінуге көбірек мән беріледі.
Азаматтық алу үшін үміткер кемі 50 балл жинауға тиіс. Жаңа ережеде жергілікті құқық негіздері мен Қазақстан тарихын білу деңгейіне көңіл бөлінген. Мәселен, бұрын мемлекеттік тіл бойынша 36 балл жинау қажет болса, енді 15 балл жеткілікті. Ал Конституцияны білу бойынша бұрынғы 9 балл орнына 20 балл жинау талап етіледі. Қазақстан тарихынан кемі 15 балл алуға тиіс.
Жалпы тест кезінде 100 сұраққа жауап беру керек. Қазақ тілінен 30 сұрақ бар, ішінде тыңдалым бөлімінде 15, оқылым бөлімінде 15 сұрақ бар.
Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері бойынша 40 сұрақ, Қазақстан тарихы бойынша 30 сұрақ беріледі.