Вице-премьер Жұманғарин Қазақстанға төнген басты қауіптерді атады

Үкімет басшысының бірінші орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанға төнген басты қауіптерді атады.
Мұнай бағасы
19 қаңтарда Ұлттық құрылтай аясындағы сессиялардың бірі экономика тақырыбына арналды. Қызылорда қаласындағы отырыста вице-премьер Серік Жұманғарин баяндама жасап, кеңес беруші орган мүшелерін толғандырған сауалдарға жауап берді. Атап айтқанда, шенеунік Қазақстан экономикасына төніп тұрған басты қауіптерді атады.
«Экономикадағы тәуекелдер сыртқы факторларға тікелей байланысты. Соның ішінде ең маңыздысы – мұнай бағасы. АҚШ-тың сыртқы саясаты да соған әсер етеді. Бірақ біз кез келген сценарийге дайынбыз», – деп мәлімдеді Жұманғарин.
Оның айтуынша, қазір бір баррель мұнай шамамен 64 доллар болса, республика қара алтынның одан төменгі бағасына әзір.
«Мұнай бағасы 50 долларға дейін төмендеп кетсе де, оған дайын боламыз. Ал осы межеден де түсіп кетсе, жағдай қиындайды», – деп есептейді вице-премьер.
Трамп санкциялары
Ұлттық экономикаға төнген тағы бір қауіп – санкциялар. Жұманғарин оған мысал ретінде АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қатысты мәлімдемесін атап өтті. Ақ үй басшысы осы елмен сауда жасағандарға қосымша 25% баж салығын салатынын ескерткен.
«Иран – Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы басты серіктестерінің бірі. Біз бұл елге 1 млн тонна арпа саттық. Оны жоғалтуға болмайды. Сол себепті Америкаға хат жазып жібердік. Өйткені мұнай шектеулердің әсері түптеп келгенде халықтың жағдайын қиындатады», – дейді Жұманғарин.
Салық реформасы
Вице-премьер үкіметтің қазіргі жүргізіп жатқан салық реформасы да тәуекелге толы екенін айтып, Құрылтайда соған қатысты ірі бастама көтеретінін мәлімдеді.
«Ертең жариялаймыз. Екі-үш платформа ашуды көздеп отырмыз. Ол сәрсенбіден жұмыс істей бастайды. Халыққа кеңес береміз. Кәсіпкерлер заңсыз тексергеніне шағымданса, соны анықтаймыз. Ай сайын кәсіпкерлермен кездесеміз. Тыйым салу емес, жұмыстың өрлеуіне көмектесуге тырысамыз», – дейді шенеунік.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жаңа стратегия 2026 жылғы қаңтарда жұмыс істей бастайды. Жұманғарин үкіметтің кез келгенге дағдарысқа қарсы жоспары барын тағы да еске салды.