Ұлттық құрылтай: тікелей трансляция

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Ұлттық Құрылтай Қызылорда
фото: Ақорда

20 қаңтарда Қызылордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтеді. Бұл жиыннан Kursiv.Media тілшілері де ақпарат таратады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысатын осы жиында саяси реформалар, соның ішінде бір палаталы парламент құру мәселесі сөз болады.

Съезд подиумындағы президенттің екі жағында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен сенатор Бибігүл Жексенбай отыр.

V  Ұлттық құрылтайдың жұмысын мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бастады. Ол екі күндік форумның алғашқы күні төрт панельдік секция отырысы форматында өткенін еске салды.

«Аталған секциялар аясында құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйледі. Талқылау барысында 200-ден астам ұсыныс пен кеңес айтылды. Бұл бастамалардың барлығы қазірдің өзінде жинақталды. Олардың кейбірімен бүгін Ұлттық құрылтай мүшелері өз сөздерінде бөліседі», – деді Ерлан Қарин.

Ғылымға бөлінген қаржы бар, жаңашылдық жоқ

Саясаттанушы Марат Шибұтов Ұлттық құрылтайда ғылымды қаржыландыру мәселесін көтеріп, мемлекеттік тапсырыс тетігін өзгертуді ұсынды.

Оның айтуынша, соңғы жылдары ғылымға бөлінетін қаржы көлемі 10 есе артып, 23 млрд теңгеден 250 млрд теңгеге дейін жеткен. Алайда бөлінген қаражатқа қарамастан, нақты жаңашылдық байқалмай отыр.

Шибұтов ғылым саласында нәтижеге қол жеткізу үшін монографиялар мен ғылыми өнім көлемін арттырып, бұл бағытта Президент Әкімшілігі жанынан арнайы комиссия құру қажет екенін айтты.

Президент сөзі

Президент сөз басында Ұлттық Құрылтай өтіп жатқан Қызылорда қаласының тарихи маңызына тоқталып өтті.

«Қызылорданың тарихи маңызы айрықша. Бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны мәлім. Бұл шаһарда Қазақстан болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданды», – деді ол. 

Нәлібаев естіген мақтау

Тоқаев қаланың бүгінгі әлеуметтік ахуалының жақсарғаны, қарқынды дамуы өңір басшысының арқасы екенін атап өтті.

«Қызылорда қаласында әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 5 мәдениет және спорт нысаны салынды. Оған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады. Бір сөзбен айтқанда Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамып келеді. Облыстың жағдайы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі», – деді президент.

Өмір сүру ұзақтығы артты

Жиында президент азаматтардың өмір сүру ұзақтығы артқанын жеткізді.

«Ел экономикасы 2025 жылы 6,5%-ға өсті. Елдің ішкі жалпы өнімі 300 млрд доллардан асты. Ал жан басына шаққандағы өсім Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды.

Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40%-ға артты. Халық саны 20,5 млн адамға жуықтады. Азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті», – деді Тоқаев.

Жаңа театр мен кітапхана

Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында жаңа Драма театр салу жоспарда бар екенін айтты. Құрылысты биыл бастауды тапсырды.

Сондай-ақ Президент Қызылордаға заман талабына сай жаңа кітапхана қажет екенін атап өтті.

«Мен зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманға сай кітапхаан салу керек екенін де айттым. Биыл бұл құрылыс та басталуы керек»,  – деді президент.

Арал мәселесі

Ұлттық Құрылтайда Арал теңізі мәселесі де сөз болды.

Президенттің айтуынша, жылдар бойғы жүйелі жұмыс нәтижесінде Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу мүмкін болды. Тоқаев теңізді қалпына келтіру жобасы басталғаннан бері бес жыл өткенін еске салды.

Мемлекет басшысы Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырудың маңыздылығын және халықаралық қоғамдастықты бұл мәселені шешуге тартудың қажеттілігін ерекше атап өтті.

Нұрай Серікбай оқиғасы президентке жеткен

Тоқаев Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін ішкі істер министрлігіне тапсырма бергенін жеткізді. Сөзінше, осы жағдайға байланысты Ұлттық құрылтайға 130-ға тарта хат түскен.

«Күдіктінің қоқан-лоқы көрсеткені анықталды, бұл адам өліміне әкеп соққан. Осыған байланысты ішкі істер министрлігіне Шымкент қаласы полиция департаменті әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым.

Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз. Бұл ұлтқа нұқсан келтіретін өрескел жағдай, қылмыс. Мұндай қатыгездікке жол беруге болмайды», – деді Тоқаев.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдалану маңызды

Ұлттық құрылтай барысында Тоқаев мемлекеттік рәміздерге, оларды пайдалануға ерекше назар аударды. Ол көк туды көлікте, үйде, көшелер мен спорттық шараларда пайдалану ұлт ретінде тұтас екеніміздің айқын көрінісі дейді.

«Кез келген жағдайда патриотизмді нығайтуға тырысу қажет және мемлекеттік символиканы – туымызды, елтаңбамызды, көліктерде, үйлерде, көшелерде және елімізде немесе шетелде өтетін спорттық және басқа да іс-шараларда дұрыс пайдалану маңызды. Көк туымыздың желбіреп тұрғанын көргенде ерекше қуаныш сезіледі. Бұл арқылы еліміздің азаматтарының бірлігі мықты, ұлт ретінде тұтас екеніміз айқын көрінеді. Осындай әрекеттер олардың туған елін мақтан тұтатынын көрсетеді», – деді ол. 

Тоқаев алда мемлекеттік рәміздер жайлы заңға жаңа нормалар мен ережелер қосылатынын аңғарты. 

«Қазір қоғамда Қазақстанның мемлекеттік туын қалай және қашан қолданамыз деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерге жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс», – деді сөзінде президент.

Жошы хан сериалы

Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмнің түсірілімі аяқталады.

«Соңғы жылдары біз тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыда зерттеу және оны кеңінен насихаттау саласында елеулі нәтижелерге жеттік. Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмнің жұмысы аяқталады. Бұл ауқымды жобаны іске қосу туралы мен Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан едім. Көпсериялық фильмнің премьерасы беделді халықаралық платформаларда өтеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, президент кино мен өнердің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.

«QazaqGaz»-ға сын

Ұлттық «QazaqGaz» компаниясының бағасы тым жоғары. Әлеуеті тиісінше пайдаланылмай отыр. Ұлттық құрылтайда осылай деген Тоқаев компания басшылығына сын айтты.

«Қазіргі қосымша әкімшілік форматтар аясында біз «QazaqGaz» басшылығының алдына дезинфекцияланған учаскелерді игеруді өз қаражаты есебінен және инвесторларды тарту арқылы бастау міндетін қойдық. «QazaqGaz» бар болғаны 350 миллион текше метр газ өндіреді. Ұлттық компанияның бағасы соншалықты жоғары көлемде қалыптасып отыр. Компанияда шамамен 10 мың адам жұмыс істейді, коммунистік матрицаның қандай екенін түсінбедім? Электр жүйесінің сенімділігін қамтамасыз етудегі маңызды резервтердің бірі – жарамды ресурстар. Олардың әлеуеті тиісінше пайдаланылмай отыр», – деді ол. 

Неке институтына тың көзқарас

Президент Құрылтайда неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде ресми түрде бекіту қажеттігін айтты.

Оның сөзінше, мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарды қорғауға, деструктивті, азғын әрекетті насихаттауға қарсы тұруға міндетті.

«Қоғамда неке институтын ер мен әйелдің ерікті түрде құрылатын, мемлекеттік мекемеде ресми куәландырылатын одағы ретінде заңнамалық тұрғыда нығайту қажет. Алайда мемлекеттің ресми ұстанымына сәйкес келмейтін көзқарасы үшін ешқандай жағдайда қылмыстық қудалауға да, моральдық кемсітушілікке де жол берілмеуге тиіс. Мемлекеттің ұстанымын мынадай формуламен түйіндеуге болады: әр азаматтың таңдау жасауға құқығы бар, бірақ бұл таңдауды ешкімге күшпен таңуға болмайды», – деді Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында.

Парламент «Құрылтай» деп аталады

Елде жаңа бірпалаталы парламент «Құрылтай» деп аталады. Бірпалаталы парламентте 145 депутат болады.

«Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны сегізден аспайды», – деді Тоқаев.

«Салық кодексі қасиетті кітап емес»

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Тоқаев жаңа Салық кодексін қолдануға қатысты қоғам тарапынан айтылған орынды әрі конструктивті ұсыныстарды мұқият талдап, қажет болған жағдайда құжатқа тиісті түзетулер енгізу керектігін жеткізді..

«Түптеп келгенде Салық кодексі – қасиетті жазба емес. Егер қажет болса, оған да өзгеріс енгізуге болады», – деді ол.

Конституция қайта жазылады

Ел Конституциясы қайта жазылады.

«…Конституция мәтінінде жекелеген қателер бары анықталды. Кезінде терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол берілген. Конституциялық реформа аясында осы олқылықтарды түзеуіміз керек», – деді Тоқаев.

Айтуынша, бұл жұмысқа білікті тіл мамандары да тартылады. Осылайша Ата заң ұлттық құндылықтарымызды айшықтап тұруға тиіс.

«Конституция қанша заман өтсе де өзгеріссіз қала беретіндей қайта жазуымыз керек», – деді президент.

Одан бөлек елде Конституциялық комиссия құрылады. Комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері болады.

«Комиссияға Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз», – деді Тоқаев.

Айта кетейік, Қызылордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтіп жатыр. 

Парламентте президенттік квота болмайды

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа бірпалаталы Парламентте Президенттік квота мен Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған квотадан бас тарту ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы реформа тек екі палатаны біріктірумен шектелмейтінін атап өтті.

«Бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутаттар бірдей тәртіппен сайлануы тиіс. Бұл – алдағы Парламенттік реформаның аса маңызды қадамы. Мұны халыққа кеңінен түсіндіру қажет», – деді ол.

Тоқаев атап өткендей, маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшелерін тағайындау тек Парламенттің келісімімен жүзеге асуы тиіс.

Ассамблея болмайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа орган – Халық кеңесін құруды тапсырды. Жаңа құрылым Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функцияларын біріктірмек.

Халық кеңесінің құрамына 126 адам кіреді, ал төрағаларын Президенттің өзі тағайындайды. Кеңеске заң шығару бастамасы құқығы беріледі. Халық кеңесінің жиыны жылына бір рет өтеді.

Сонымен қатар этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері Қазақстан халқы Ассамблеясынан Халық кеңесіне өтеді. Ал әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу де жаңа органның құзыретіне берілмек.

Халық кеңесін Конституцияға енгізу жоспарланып отыр. Оның жұмысына қатысты жаңа заңдар қабылданады. 

Вице-президент лауазымы енгізіледі

Қазақстанда вице-президент болады.

Вице-президентті президенттің өзі тағайындайды. 

«Халықтың қолдауына ие болса, Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады», – деді ол.

Кариннің лауазымы жойылады

Қазақстанда мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады.

«Қолданыстағы Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін аппараттық құрылымдардың бір бөлігі, сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылуға тиіс», – деді президент. 

Осы тұсын айтып бола бере жанында отырған мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге бір қарады.

«Ренжіме», – деп күлді президент.

Мемлекеттік кеңесшінің мәртебесі мен өкілеттіктері туралы Жарлыққа Президент Тоқаев 2022 жылғы маусымда қол қойған еді.

Жылу мен энергия мәселесі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі электр станцияларын жылдам салу және көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларын ұлттық жобаға айналдыруды тапсырды.

«Көмір электр станцияларына ұлттық жоба мәртебесін беру қажет. Үкіметке бұл мәселені 20 наурызға дейін шешу тапсырылады. Алдыңғы қатардағы міндет – Көкшетау, Семей және Өскеменде жаңа ЖЭО құрылыстарын жедел жүзеге асыру. Бұл жобалардың іске қосылуы кешеуілдеп кетті, халық күтіп отыр. Менің талаптарым үкіметке және «Самұрық-Қазына» қорына бағытталған», – деді Президент.

Сонымен қатар, Тоқаев Курчатовтағы электростанцияны уақытылы іске қосу, ГРЭС-2-ге қосымша энергия блоктарын енгізу және Екібастұздағы ГРЭС-3 құрылысына бастау беру қажеттігін атап өтті. Энергожүйенің тұрақтылығын арттыру үшін газ генерациясы арқылы өнлдірілетін қуаттарды жедел түрде іске қосу қажет екенін де ескертті.

Президент ЖЭО құрылыстарын жеделдетуді ерекше атап өтті, себебі атом электр станциясының іске қосылуы әлі алыс.

Сондай-ақ оқыңыз