Шаруалардың лизингке алған техникасының айыппұлы мен өсімпұлы кешіріледі

«Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық Холдингінің құрамындағы «ҚазАгроҚаржы» АҚ бүкіл қарыз алушылар үшін арнайы акция бастады. Бұл акция аясында қаржы лизингі бойынша есептелген айыппұл мен өсімпұлдар 100% есептен шығарылады.
Акция 15 қаңтардан басталып, 1 наурызға дейін жалғасады. Қатысу үшін негізгі шарт – қаржыландыру шарты бойынша негізгі борыш пен сыйақыны осы мерзімге дейін толық өтеу. Төлемді бірден жасау міндетті емес, акция кезеңінде ішінара төлем арқылы да өтеуге болады.
Егер қарыз бойынша сот шешімі шыққан болса, сонда да акция қолданылады: сот шешімі бойынша берешек толық төленсе, айыппұлдар автоматты түрде есептен шығарылады.
Акцияға қатысу үшін қарыз алушы өз филиалына өтініш беруі қажет. Филиалдардың мекенжайлары мен байланыс телефондары www.kaf.kz сайтында көрсетілген.
«ҚазАгроҚаржы» компаниясы акцияның негізгі мақсаты шаруалардың қаржылық жүктемесін жеңілдету, төлемдерді ретке келтіру мүмкіндігін беру деп көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 6%-бен беретін лизинг бағдарламасы 2025 жылы қайта басталған. Қаржы бір клиентке 205 миллион теңгеге дейінгі көлемде және 3 техника бірлігін сатып алуға ұсынылады.