Нұрайдың өлімі: Шымкент полициясының бастығы қызметінен босатылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Президент Ұлттық құрылтайда Нұрай Серікбай туралы айтты/фото: shutterstock

Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады.

Сондай-ақ бірқатар лауазымды қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылған.

Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасының қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Олардың марқұм қыздың туыстарының өтініштерін тиісінше қарап-қарамағаны тексеріледі.

«Қылмыстық іс аясында уақтылы шаралар қабылдамау бойынша барлық дәйек жан-жақты тексеріледі. Тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады ІІМ.

Бұған дейін президент Ұлттық құрылтайда Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін Ішкі істер министрлігіне тапсырма бергенін айтты.

«Күдіктінің маза бермей, қоқан-лоққы көрсеткені анықталды. Арты адам өліміне әкеп соқты. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор бұл мәселені мұқият тексереді.

Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз. Бұл ұлттық беделімізге нұқсан келтіретін өрескел жағдай, қылмыс. Мұндай қатыгездікке жол беруге болмайды», – деді Тоқаев Ұлттық құрылтайда. 

Айта кетейік, 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікпен 28 жастағы жігіт екі айға қамауға алынды.

Күдікті 2025 жылдың қазанында Нұрайды еркінен тыс алып қашқан, оған қыз да, отбасы да көнбеген. Осы жайт бойынша полицияға арызданған, бірақ күдікті енді маңына жолмайтынына уәде берген соң, Нұрай Серікбай оған кешірім берген.

ІІМ кісі өлтіру дерегі бойынша тергеуді бақылауға алды. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.

Сондай-ақ оқыңыз