Теңіздегі апат салдары: Каспий құбыры арқылы өтетін мұнай экспорты қысқаруы мүмкін

Қазақстан мұнай экспортының маңызды арнасы саналатын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы шикізат тасымалы қысқаруы мүмкін. Бұған Теңіз кен орнында болған өндірістік апат себеп болып отыр. Reuters агенттігінің хабарлауынша, мұнай өндірусі тек ақпан айының басында ғана қайта жандануы ықтимал.
18 қаңтар күні «Теңізшевройл» нысанындағы газ электр станциясында трансформатор өртеніп, соның салдарынан «Теңіз» және «Королевское» кен орындарында мұнай өндіру уақытша тоқтатылған. Бұл оқиға экспортқа тікелей әсер етеді.
Reuters мәліметінше, өндіріс кемінде жеті–он күнге тоқтауы мүмкін. Бір дереккөздің айтуынша, «Теңізшевройл» өндіріс көлемін апта соңына дейін төмендеткенімен, үдеріс ақпанға дейін созылуы ықтимал. Ал тағы үш дереккөз компанияның CPC Blend маркалы мұнайының бес экспорттық партиясын тоқтатқанын хабарлаған. Жалпы көлемі шамамен 600–700 мың шаршы тоннаны құрайтын бұл шикізат қаңтар–ақпан айларында Қара теңіздегі терминал арқылы жөнелтілуге тиіс болған.
Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мен Ресей, сондай-ақ бірқатар ірі халықаралық мұнай-газ компанияларының қатысуымен құрылған халықаралық жоба. Ұзындығы 1500 шақырымнан асатын магистральды құбыр арқылы тасымалданатын мұнайдың басым бөлігі Қазақстан кен орындарында өндіріледі. Сондықтан Теңіздегі кез келген іркіліс КТК арқылы экспортқа шығатын жалпы көлемге әсер етпей қоймайды.
«Теңізшевройлдың» ең ірі акционері саналатын Chevron компаниясы жағдайға қатысты ресми түсініктеме бермеген. Дегенмен өндірістің уақытша тоқтауы мен экспорттық партиялардың кейінге қалдырылуы Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа жеткізу кестесіне түзету енгізуі мүмкін екенін аңғартады.
«Теңізшевройл» ЖШС – әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі саналатын Теңіз кен орнының операторы. Компания иелері: Chevron – 50%, ExxonMobil (Kazakhstan Ventures Inc) – 25%, «ҚазМұнайГаз» – 20%, «ЛУКОЙЛ» – 5%.