Қытай қазақстандықтар үшін 73 грант бөлді: оқуға түсу үшін не істеу керек

Қытайдың жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталды. «Халықаралық бағдарламалар орталығының» хабарлауынша, ҚХР 73 білім грантын ұсынып отыр.
Екі ел арасында 2003 жылы қол қойылған келісім бар. Соған сәйкес 2026-2027 оқу жылына ҚХР мемлекеттік стипендиясы аясында бакалавриат, магистратура, докторантура үшін 73 грант береді.
Оқуға түскен азамат тегін оқи алады, сондай-ақ ай сайын стипендия алып отырады. Медициналық сақтандыру төленіп, жатақхана да беріледі. Қалған шығынды грант иегері өзі төлейді.
Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер Қытай стипендиялық кеңесі сайтында онлайн тіркеуден өтуге тиіс.
Айта кетейік, 2026 жылдан бастап ҚХР-дың жоғары оқу орындарында бакалавр дәрежесін алуға үміткер барлық шетелдік талапкер шетелдік студенттерге арналған академиялық дайындық тестінен (CSCA) өтуге міндетті. Құжаттарды қабылдау кезеңінде академиялық дайындық тестінен (CSCA) өту және оның нәтижелерін ұсыну талап етілмейді, бұл тест конкурстық іріктеуден өткеннен кейін тапсырылады.
Құжат 2026 жылдың 21 қаңтарынан бастап 10 ақпанға дейін «Электрондық үкімет» порталы немесе «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арқылы қабылданады.
Бұған дейін Қазақстан мен Венгрия су дипломатиясына басымдық берілген қос дипломды магистратура бағдарламасын іске қосты.