+1 кәнсіл: экс-жайдарманшы Айбек Байназаров пойызда бейтаныс қызға тиіскен

Жарияланды
Фото: Видео кадры

Жайдарманшы Дархан Оспановтың жеке Youtube-арнасына шығатын «Шәй әңгіме» подкасының 51-шығарылымына кезінде өте танымал болған «Көз тимесін» командасының мүшелері Айбек Байназаров, Дәнекер Оразбаев, Ерлан Айтбаев және актриса Гүлбахрам қонақ боп келді. Әңгіме барысында Байназаров жас кезінде пойызға бейтаныс қызға қалай тиіскенін айтып берді.

Оқиға бойдақ кезінде болған

«Көз тимесін» командасының мүшелері бірлесіп осы аттас фильм түсіріп, жарыққа шығарғалы жатыр. Подкаст басында туынды туралы әңгіме өрбіп келе жатып, бір кезде бұрын бастан өткен оқиғаларға ұласады. Осы кезде Байназаров ағынан жарылып, бір жағдайды баян етеді. Айтуынша, бұл оқиға бойдақ кезінде болған. Өзі ішімдікке де әуес болыпты. Бірде пойыздың мейрамханасында отырып қатты ішіп алып алады. Оған дейін купеге кіргенде көрші отырған қыздың әдемі екенін байқайды. Бірақ сау кезде ешқандай арам ойы болмайды. Кейін ішіп алғаннан кейін, ойы бұзылып, қызды сүюге ұмтылады.

«Купеге келдім. Іші қараңғы екен. Сөйтіп жоғарыға барып жатам. Айдың жарығымен анау қыз алма болып жатыр, анимедегідей «көрініп тұр». Жарты сағат қарап тұрам. Ой деген кетіп жатыр. Астыға түсем де, мойнына дейін келем. Қасына барсам, ол да біліп жатыр екен. «Болмайды» деп басын шайқайды. Содан артқа қарай кетіп қалдым да, бірден жатып ұйықтап қалдым», – деп еске алды экс-жайдарманшы. 

Осы шығарылымнан соң Threads желісінде қолданушылар дәл осы оқиға туралы қызу талқы жасап жатыр.

«Қызға тиіскенде нормализациялауды қашан қоямыз»

«Мынау не әңгіме? Біреудің тиіскенін сезініп көрмеген қыз жоқ шығар. Өзге ер адам саған аш көздерімен қарағанын көргеннен кейін, бірден өзіңді кір сезінесің, барып жуынғың келіп кетеді. Ұзақ уақыт есіңнен кетпей, жиіркеніп, ашуланып жүресің. Әрекетке барғаны тіпті сұмдық. Кейбір қыздар қорыққаннан сөйлей де, қозғала да алмай қалады. Ол қыз жоқ демесе не болатын еді? Қаншама уақыт қыздың ішінде қалатын өксік, ашу, ыза, өз-өзіңнен жиіркені себебі не? Мас ер адамның 5 минуттық нәпсісі! Қаншама жас балалар көреді? Соны күліп айтып, күліп жаба салуды, қызға тиіскенде нормализациялауды қашан қоямыз? Пікір тек сол әңгімені айтқан кісіге арналған», – деп жазды Ерке Әбіл есімді қолданушы.

Кеше ғана желіге жүктелген жаңа шығарылым қазір Youtube-тан өшірілген. Өшіруге нақты не себеп болғанын Дархан Оспанов әзірге айтқан жоқ. Десе де, көпшілікке Байназаровтың әңгімесі ұнамай шағым қалдырған болуы да мүмкін. Осылайша желіде кезекті бір жұлдыз кәнсілге ұшырайтын сыңайлы. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қоғам тарапынан кәнсіл жасалған Еркеш Хасеннің Ғазизхан Шекербекке ренішін білдіргені туралы жазған едік.   

Сондай-ақ оқыңыз