Үкімет биыл экономиканы 5% өсіріп, инфляция қарқынын тежеуге ниетті

Қазақстан үкіметі 2026 жылы елдегі инфляцияны 9-11%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Ол үшін отандық азық-түлік таураларының өндірісін арттыру және ішкі нарықты қамтамасыз ету, тауар нарықтарында теңгерім болып, өнімді тиімді сақтау және тасымалдау бойынша инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылмақ.
«Осы жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілді. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне тарифтердің өсуінен инфляцияға әсер инфляцияның нысаналы параметрлеріне байланысты шектелетін болады», – деді Жұманғарин.
Былтыр Қазақстандағы инфляция қарқын алып, жыл соңында 12,3%-ға жеткен.
Сонымен қатар 2026 жылы экономика 5% өсім көрсетуі ықтимал. Ол үшін зауыт-фабрика, жол, өндіріс сияқты негізгі капиталға салынатын инвестициялар көбейтіледі. Инвестиция көлемі жалпы экономиканың 18%-ына дейін жетуге тиіс.
Үкімет шикізатқа тәуелділікті азайтып, дайын өнім шығаратын салаларды дамытуға басымдық беруге ниетті. Сонымен қатар еңбек өнімділігін арттыруға, жаңа технология енгізуге және экономиканы цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Мемлекет кәсіпкерлерді белсенді қолдайды, инвестиция тарту үшін алдын ала дайындалған, нақты нәтижеге бағытталған саясат жүргізіледі. Экономиканы өсіру үшін жаңа өндіріс орындарын ашуға көмектесетін арнайы мемлекеттік тетіктер құрылады. Бұл тетіктер өнім көлемін, экспортты және жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталады.
Мемлекеттік органдар тек бақылаушы емес, ірі әрі табысты жобаларды іске қосуға тікелей қатысатын белсенді ойыншыға айналады.
Осы саясатты жүзеге асыруда «Бәйтерек» холдингіне ерекше рөл беріледі. Биыл оның қаржы мүмкіндігі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылмақ.
Жалпы алғанда, мемлекет экономикадағы нақты өндіріс салаларын шамамен 8 трлн теңге көлемінде қаржылай қолдайды.
Бұл ретте халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсу қарқыны баяулап, 4,4 пайызды құрайды.