Тоқаев сынаған мәселе: Үш жылу электр орталығының аяқталу мерзімі өзгермейді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Үкімет отырысында Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Өскемен, Семей және Көкшетау қалаларында жылу электр орталықтарының құрылысы жөнінде есеп берді.

Ерлан Ақкенженов баяндамасында жалпы қуаты 960 МВт болатын Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы 3 жылу электр орталықтары жобаларының аяқталу мерзімдері өзгермейтінін, олардың іске асырылуы министрліктің толық бақылауында екенін айтты.

«Әрбір жоба көмір генерациясын дамыту жөніндегі әзірленіп жатқан Ұлттық жобада егжей-тегжейлі сипатталады және тіркеледі. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Министрлік деректерді өңдеу орталықтарының жоғары энергия сыйымдылығын ескере отырып, жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп тұрақты және сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде қажет болған жағдайда ұлғайту жағына жаңа қуаттарды енгізу жөніндегі жоспарларды қайта қаралады», – деді ол.

Еске сала кетейік, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылға арналған басты міндеттердің бірі – Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарының құрылысын жеделдету қажеттігі екенін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз