Бішкек пен Қазақстан аумағында вебкам-студиялар желісін ұйымдастырған топ ұсталды

Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Бішкек қаласының Первомай аудандық ішкі істер басқармасымен бірлесіп, интернет арқылы жезөкшелік пен азғындықты ұйымдастырды және оған ықпал етті деген күдікпен бір топ адамды ұстады.
Тергеу деректеріне сәйкес, Қырғыз Республикасының азаматтары «А.А.А.», «Б.Б.С.», «Э.А.Э.» және «О.Э.К.» қылмыстық топ ретінде әрекет етіп, Бішкек қаласы мен Қазақстан Республикасының аумағында вебкам-студиялар желісінің жұмысын ұйымдастырған және қамтамасыз еткен.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер заңсыз қызметін жасыру мақсатында Бішкектің әртүрлі аудандарынан пәтерлер жалдаған. Ұсталған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларында жедел тінту шаралары жүргізіліп, нәтижесінде веб-камералар, жарықтандыру құрылғылары, компьютерлік техника және өзге де техникалық құралдар, сондай-ақ жыныстық сипаттағы онлайн-трансляциялар жүргізуге арналған эротикалық костюмдер мен атрибуттар тәркіленген.
«Аталған топ интернеттегі вебкам-қызмет көрсететін платформаларда, атап айтқанда Chaturbate, Stripchat және BongaCams сайттарында тікелей эфирлер жүргізген. Заңсыз жолмен түскен табыстар Binance платформасындағы криптовалюта әмияндарына аударылып отырған» делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта бұл қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау мақсатында тиісті тергеу-жедел іс-шаралары жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін полиция желідегі жезөкшелікке қарсы күресте шарасыз екенін мойындаған еді.