Қызылорда – Жезқазған автожолы 2026 жылдың соңына дейін ашылады

Қызылорда – Жезқазған автожолындағы қозғалыс 2026 жылдың соңына дейін ашылады. Биыл жаңа теміржол желілері салынып бітеді.
Бұл туралы Көлік министрлігінің бапасөз қызметі мәлімдеді.
Ұлттық құрылтайда берілген Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде көлік инфрақұрылымын дамыту туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндады.
Оның айтуынша, биыл Қызылжар – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал желілері салынады, сондай-ақ Алтынкөл – Жетіген және Жезқазған – Сексеуіл учаскелерін жаңғырту аяқталады. Вокзалдарды реконструкциялау жұмыстары да жалғасады.
Автожолдар саласында 2026 жылдың соңына дейін Қызылорда – Жезқазған учаскесінде қозғалысты ашу жоспарлануда. Биыл Қызылорда – Ақтөбе төрт жолақты магистралінің құрылысы басталады.
Екінші жартыжылдықта Қарағанды – Жезқазған жобалары мен Сарыағашты айналып өту жолының жұмыстары басталады.
Авиация саласы бойынша Венаға, Токиоға, Римге, Нью-Йоркке және тағы басқа бағыттар бойынша рейстер ашылады деп жоспарланып отыр. Жүк авиатасымалдаушыларды тарту үшін Fedex, UPS, Cargolux сияқты ірі шетелдік авиакомпаниялармен жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Бұл салада көрсеткіштер оң динамика көрсетіп отыр. Авиа жүк өндеуі өсіп жатыр. Өткен жылы жүк өндеу 173 мың тоннаға жетті. Осы аймақтағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл бағытта жұмысты күшейтеміз», – деді министр.
Айта кететін жайт, 2025 жылы Қазақстан бойынша тасымалданған жүк көлемі 1 163,6 млн тоннаға жетті. Бір жыл ішінде ел ішінде және халықаралық бағыттарда миллиард тоннадан астам жүк қозғалысқа түскен.